«ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА: ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ»

29.10.2020

Көрулер: 1646

2020 жылдың 29 қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетіндегі Е. Шәймерденов атындағы аудиторияда филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашұлы Омашевтың 70 жасқа толуына арналған «ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА: ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті.

Конференцияда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің бекітуімен, «Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген Намазалы Омашұлы тұлғасына арналған кітаптың, тұсаускесері өткізілді. Сонымен бірге ғалым еңбектерінің арнайы көрмесі, фото-көрме ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағы, шетелдік ғалымдар, Республикалық БАҚ басшылары мен танымал журналистер, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым мен профессор-оқытушылар қатысты. 

Намазалы Омашев 1950 жылдың 19 қаңтарында Жамбыл облысының Мерке ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жоғары мектебі Ғылым Академиясы мен Қазақстан Журналистика Академиясының академигі. ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ORBICOM ұйымының, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2004), Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының (2007), «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаты (2019).

Намазалы Омашев қызмет жолын Қазақ радиосының редакторы, аға редакторынан бастап (1974-1977), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы (1977-1979), аға оқытушысы (1979-1986), доценті (1986-1992), радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, профессор (1993-1995); ЮНЕСКО жанындағы ORBICOM ұйымының мүшесі (1995); журналистика факультетінің деканы (1995-2001); ЮНЕСКО-ның бұқарамен байланыс және журналистика кафедрасының меңгерушісі (1996-2009); журналистика мамандығы бойынша Диссертациялық кеңестің төрағасы (1996-2001); әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры (2001-2008), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің деканы (2010-2011), Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі (2011 – 2015), қоғаммен байланыс кафедрасының профессоры сынды жауапты, маңызды қызметтер атқарып келеді (2015-2019). 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры болып, отандық журналистиканың дамуына сүбелі үлесін қосуда.