«БҰҰ моделі. Жаңа Жібек Жолы» студенттік конференциясы өтті

07.03.2018

Көрулер: 2974

Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Халықаралық әйелдер күніне орай «БҰҰ моделі. Жаңа Жібек Жолы» сериясының гендерлік теңдікке арналған студенттік конференциясы өтті. ҚазҰУ Бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев қонақтарға арнаған алғысөзінде профессор-оқытушылар құрамының 65 пайызын жоғары ғылыми атағы бар әйелдер құрап отырған университет үшін аталмыш тақырыптың аса маңызды емес екендігін атап өтті. Ол сондай-ақ, аталған тақырып бойынша конференция өткізу студенттердің ұсынысынан туындап, студенттердің ұйымдастыруымен өткізіліп отырғандығын айтты.

Шараның құрметті қонағы БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің басшысы Властимил Самек аталған тақырып бойынша студенттердің бір-бірімен пікір алмасып, көзқарас танытуы өздеріне пайдалы болатындығына сенім білдірді. Қазақстан және университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Үндістан елдерінің студенттері өз жобаларымен таныстырды. Ұсынылған әрбір мини-презентациядан соң конференция қатысушылары пікір алмасып, спикерлердің баяндамасын талқылады.

Шараны қорытындылай келіп, MDP/Global Classrom бағдарламасының директоры Рафис Абазов «Жаңа Жібек Жолы» тақырыбына арналған шаралардың әлі жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Студенттік баспасөз Орталығы