ҚазҰУ Шығыстану факультетінің ирантану бөліміне қарасты «Гүлістан» үйірмесінің жаңа оқу жылындағы (2024-2025) алғашқы отырысы өтті
2024 жылы 20 қыркүйекте ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ирантану бөліміне қарасты «Гүлістан» үйірмесінің жаңа оқу жылындағы (2024-2025) алғашқы әдеби іс-шарасы өтті.
27 шаһривар, сәйкесінше 17 қыркүйек Иран күнтізбесінде ирандық ақын Мұхаммед Хұсейн Шаһриярдың қайтыс болған күніне орай Ұлттық парсы поэзиясы мен прозасы күні деп белгіленген.
Осы атаулы күнге орай ирантану бөлімінің бірінші және екінші курс студенттерінің қатысуымен өткен «Гүлістан» үйірмесінің алғашқы отырысында күн тәртібі бойынша екі тақырып қарастырылды.
Біріншіден, ирандық ақын Мұхаммед Хұсейн Шаһриярдың өмірбаяны, ғашықтық дастаны баяндалып, соған қатысты бір өлеңі аударылып, егжей-тегжейлі талданды.
Екіншіден, 1-курс магистранты Омарханова Гаухардың Иранда шығарған «Қас қағым» және (Ләйлі-Мәжнүн) атты екі аударма кітабы таныстырылып, студенттерге сыйға тартылды.
Ирандық ақын Парвиз Бейги Хабибабадидің «Қас қағым» атты ирандық хайко – қысқа өлеңдер жинағы парсы тілінен қазақ тіліне аударылып, 2021 жылы Тегеранда Fasle5 баспасында жарық көрді. Ерекшелігі: оқырманның ойын жазуға арнайы орын қалдырылған. Бұл – оқырманның қойын дәптеріне айналуы тиіс кітап.
Қазақ ақыны әрі ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы қазақ тілінен парсы тіліне аударылып, 2024 жылы Тегеранда Kheradеgan баспасында басылып шықты. Бұл поэма Абайдың әдеби мектебінен шыққан шәкірттердің бірін парсы жұртына таныстыру мақсатында және қазақ жерінде нәзирагөйлік дәстүрмен «Ләйлі-Мәжнүн» тақырыбы жырланғанын көрсету үшін аударылды.
Отырыс соңында студенттер естелік суретке түсті.







