Махатма Ганди орталығы

Қазақстанмен байланыс көпірін орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі Үндістанмен берік достастық бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып келеді.

Екі ел арасындағы мығым достықтың көпірін нығайту мақсатында елге үнді тілін, мәдениетін, тарихын, әдебиетін терең меңгерген мамандардың қажеттілігі туғаны сөзсіз. Осы мақсатпен 1992 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Шығыстану факультетінде Үндітану бөлімі ашылды. Бүгінгі таңда біздің университетіміз екі ел арасындағы достық көпірін жалғастыру үшін белсене еңбек етіп, өзіндік үлестерін қосып келе жатқан үндітанушы мамандарды даярлайтын бірден бір жоғары оқу орны болып табылады.

Қазіргі таңда үндітану бөлімін бітіріп, үнді (хинди, урду) тілдерін меңгерген шамамен 200-ге жуық шығыстанушы-үндітанушы маман бар. Олардың ішінде бакалавр, магистр және PhD докторлар, ғылым кандидаттары бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үндітану бөлімі бүгінгі заманауи технологияға сәйкес жабдықталған. Үндітану бөлімі ашылғаннан бері Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшілігі үндітану бөлімін қажетті техникалық құралдармен (аудио-, видео- және телеаппаратурамен, оқу құралдары мен көркем әдебиетпен) жабдықтандырып келеді. Осы орайда 2016 жылы Үндістан Республикасы университетіміздегі Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, үндітану бөлімінің жанынан ашылған Махатма Ганди Орталығы мен Үндітану орталықтарын жабдықтау мақсатында 7 835 000 теңге қаржылай грант бөлуінің өзі де үлкен екіжақты келісімшарттардың жемісі, достықтың сенімі мен кепілі болып саналады.

Осылайша, Махатама Ганди Орталығында 2016 жылдың 30 қаңтарында алғашқы атқарылған іс- шара «Қазақстан – Үндістан ынтымақтастығы: өткені мен келешегі» атты халықаралық онлайн конференциясы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Нәтижесінде М.Ганди Орталығында ашылғаннан бері үзілмей әр түрлі мәдени іс шаралар, халықаралық конференциялар, ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, өткізіліп келеді.