Бос орындар жәрмеңкесі 2018

ҚазҰУ-да Мансап және кәсіби даму орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Биылғы жәрмеңкеге 60-қа жуық жұмыс беруші кәсіпорындар мен ұйымдар, ірі компаниялар қатысты. Аталмыш шараның мақсаты-ҚазҰУ-дың бітіруші түлектерін өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруға себепші болу.

Жәрмеңке жұмыссыздықтың деңгейін төмендетіп, бітіруші түлектерге бір сәтте көптеген жұмыс берушілермен сөйлесіп, жаңа ірі компаниялармен танысуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта еңбек нарығында инженер-технолог, IT-маманы, мұғалім, дәрігер, биотехнолог, маркетолог және т.б. мамандықтарға сұраныс көп.

Аталмыш жәрмеңкеде Алматы қаласының тұрғындарын жұмыспен қамту орталығынан бастап көптеген халықаралық және туристік компаниялар, медициналық орталықтар мен қаржы банктері болды. Атап айтар болсақ «Grata international», «Takeda», «Atasu group», «Сбербанк», «АТВ Банк», ТОО «Медицинский Ассистанс», BCD «Travel International travel plus» т.б саланың жұмыс беруші ұйымдары болды.

"Жыл сайын ҚазҰУ-да түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі. Биылғы жылы университетімзде шамамен 5 мың бітіруші түлек бар. Сонымен қатар университетімізде әрбір факультетте жұмыс берушілер кеңесі істейді. Сондай-ақ Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бос орындар жәрмеңкесі жыл сайын өзінің тиімділігін аңғартып келеді, бітіруші түлектердің жұмыс берушілермен сөйлесіп, талаптарды, алдын ала білуге, көптеген ақпараттарды алуға үлкен мүмкіндік береді", – деді мансап және кәсіби даму орталығының директоры Илья Севрюгин.

Экономика және бизнес жоғары мектебінің 4-курс студенті Ару Жақсыгереева «Осы жәрмеңкеге арнайы келдім, өйткені осындай жәрмеңкелер оқуды енді ғана бітірген түлектер үшін таптырмас мүмкіндік деп санаймын. Сонымен қатар мұнда менің мамандығыма байланысты көптеген жұмыс беруші ұйымдар бар. Өзім аралап қарап көптеген ұсыныстармен танысып, кеңестер алдым. Алдағы уақытта жақсы бір жұмыс орнына кіремін деп ойлаймын»,-деп өз ойымен бөлісті.

 
   

Басылым күні :  18.05.2018