Кәсіби-бағдар жұмысы негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетімен онлайн кездесу

Кәсіби-бағдар жұмысы негізінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетімен онлайн кездесу

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының кәсіби-бағдар жұмысына жауапты оқытушылары К. Сұлтанбек пен М. Исаханованың ұйымдастыруымен Түркістан облысындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетімен онлайн кездесу болып өтті.

Онлайн кездесуге университетіміздің Түрксой кафедрасы меңгерушісі PhD. Үміт Тұрсынбайқызы Қыдырбаева мен «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры доц. Зубайда Шадкам да қатысып, университетіміздің магистранттар мен докторанттарға арналған мүмкіншіліктерін айтып өтті. Аталған жиында университетіміздің магистранты Алина Андирова сөз алып, бакалавр студенттеріне университетімізге түсудің шарттарын тілге тиек етіп, бағдар берді.

Жиынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті Филология факультеті Түрік тілі мен әдебиеті бөлімінің меңгерeшісі Кенан Семизбен қоса оқытушылар және студенттер де қатысты. Әл-Фараби университетіне түсудің шарттары мен ұсынатын мүмкіндіктері туралы сұрақтар қойып, өздерінің ыстық лебіздерін білдіріп өтті.

Онлайн жиын барысында университетіміздің жалпы факультеттері туралы, Шығыстану факультеті соның ішінде Түрксой кафедрасының бөлімдері, мамандықтары, ерекшеліктері туралы мәліметтер берілді.

Университетімізде болып жатқан іс-шаралар, онлайн кездесулермен таныстырып, қазіргі кезде онлайн түрде шетелдік профессорлардың да сабақ беріп жатқанын, кафедрамызда Түркиялық оқытушылар мен қоса сол жақта жоғарғы білімдерін алып келген мамандардың бар екендігімен таныстырып, университетіміздің мүмкіншіліктерін түсіндіріп берген кафедра меңгеруші Үміт Тұрсынбайқызы және «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының директоры доц. Зубайда Шадкам да қолжазбалармен жұмыс істеудің маңыздылығы мен ерекшеліктеріне тоқталып, университетіміз атынан осы жиынға қатысқандарға алғыстарын білдіріп өтті.

Жиынның соңында екі жақтың қатысушылары ыстық ықыластарын білдіріп, бұдан кейін де екі университет арасында кездесулердің жалғасы беретінін және де басқа жиындарда бір араға келіп, көптеген іс-шараларды ортақ өткізу туралы келісімге барды.

       ТҮРКСОЙ кафедрасының аға оқытушысы К. Сұлтанбек

Басылым күні :  13.01.2021