Абай мен Науаидің рухани үндестігі

Абай мен Науаидің рухани үндестігі 

 

2019 жылдың 23 қазан айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасымен бірге «Абай мен Науаидің рухани үндестігі» атты кеш ұйымдастырды.

Кештің мақсаты ҚР Президенті Қ.Ж. Тоқаев пен Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың атап өткеніндей, «2019 жыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы» аясында және алдымыздағы жыл «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы» қарсыңында Абай мен Науаи шығармаларын жастардың санасына сіңіру және еліміздің рухани мәдениетін жаһандық форматта ілгерілету.

Шара кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы Абай және Науаидың еңбектеріне арналған кітап көрмесін ұйымдастырды.

Рухани шараға құрметті қонақ ретінде келген Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Фатхуллаев Аброр Жахангирұлы Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы достық, туыстық қарым-қатынастарға тоқтала келе, Әлішер Науаидің шығармаларынан сөз етті. ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы Жүнісбеков Болат Жүнісбекұлы және университетіміздің Тұран-Иран орталығының директоры, танымал шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей Абай Құнанбайұлының тұлғалық қасиеттері мен шығармалары туралы баяндама жасады.

Кештің соңында Түрксой кафедрасының 3-4 курс студенттері Абай және Науаи шығармаларынан өлеңдер мен ғазалдар оқыды. Сондай-ақ, «Көзімнің қарасы» әні шырқалып, Алматы қаласының Өзбек этно-мәдени орталығының бишілер тобының орындауында өзбек билерінен попури тамашаланды. Осындай рухани азығы мол шараны ұйымдастыруға Түрксой кафедрасының ұжымы тікелей атсалысты.

 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының

аға оқытушылары: А.Ж. Назарова, Г.Қ. Теменова

 

Басылым күні :  28.10.2019