Астана қаласында «Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар өтті.

2023 жылдың 21 желтоқсан күні  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығы мен «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» РММ бірлесіп ұйымдастырған  «Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылар құрамы: Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығы, әл-Фараби атындағы Қаз ҰУ «Жазба жәдігерлер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығы, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты: Үндістан қорларындағы Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу.

Семинар барысында «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері PhD Тұяқбаев Өмір «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығына дала элиталарына арнайы жазылған Үндістан Республикасының қорларында сақталған ортағасырлық түркі медициналық трактаттарының көшірмелері табыстады. Осындай медициналық трактаттардың бірі – көшпенді Көшкінші (немесе Көшім хан, 1432-1530) ханның жеке дәрігері болған Сұлтāн Әлӣ әл-Хурасанӣдің «Дастӯр ал-‘илāж» («Емшілік дәстүрі») атты трактаты, екіншісі Шибанидтер ханы Абдаллатиф ханның (1540-1551) жеке дәрігері Мулла Мухаммад Иусуфтың «Зубдат ал-каххалин» («Көз дәрігерлерінің қаймағы») трактаты еді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы Үндістан елшілігі Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди мырза Үндістанның Патна кітапханасы қорынан анықталған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітаптарының көшірмелерін тапсырды.

Семинар барысында Үндістан қорларынан анықталған деректер негізінде ортағасырлық түркі медицинасы және ХХ ғ. басындағы қазақтардың Үндістанға көшу туралы анықталған қолжазбалар мен архив құжаттарының зерттелуі жайында баяндамалар жасалады. 

 

«Жазба жәдігер және рухани мұра» ҒЗО 

 

Басылым күні :  25.12.2023