Бұл күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алаңында адам әдеттегіден де қалың. Жастарды мерекелік көңіл күй кернеген. Бұл күн алғаш рет “ҚазҰУ студенті” атанып отырған білімгерлердің есінде өзінің ерекше әсерімен мәңгі сақталатын “Студенттер қатарына қабылдау салтанаты”. Алғашқы студенттік вальс орындалған күн де, тұңғыш факультеттер шеруі көрініс алған уақыт та осы – 17 қыркүйек. Бұл күн – 2010 жылы ҚазҰУ студенті қатарына қабылданған жастардың төл мерекесі. Бейресми мейрамы.
Мерекелік сахналанған Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының алдына барабан аспабын ойнап шыққан студенттер, әсем әуенге мың бұрала билеген бишілер, көңілді сазбен ақудай ағылған бірінші курс студенттері көрерменге мерекелік көңіл сыйлауда. Биылғы жылы ҚазҰУ-дың студенттер қатары Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ең үздік мектеп түлектерімен толықты! Бірінші болып сахнаға “Алтын белгі” иегерлері келді. “Алтын белгі” иегерлері – университетіміздің элиталық гвардиясы”. Бұл теңеу ҚазҰУ ректорының бірінші курсқа дәл тауып айтқан баламасы. Оан кейінгі кезекте сахна төріне «Әл-Фараби» олимпиадасының жеңімпаздары, сондай-ақ, әртүрлі халықаралық және республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен спорт шеберлері келді. Осы жылы ҚазҰУ-дың спорт командасының қатары біздің бірінші курстардың ішінен 10 спорт шебері, 22 чемпион мен халықаралық және республикалық спорт жарыстарының жеңімпаздары, машықтанған шеберлермен толықтырылды! Мұндай көрсеткіштерден кейін “ҚазҰУ студенті – студенттік шақтың элитасы” деуге толық негіз бар.