Азаматтық іс барысындағы дәлелдемелер. Дәлелдеу» тақырыбында ашық дәріс

17.04.2024

Көрулер: 60

2024 жылғы 17 сәуірде ТДМ 4 аясындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде «Азаматтық іс барысындағы дәлелдемелер. Дәлелдеу» тақырыбында ашық дәріс өткізілді. Дәрісті арнайы шақырылған қонақ, Алматы облыстық адвокаттар алқасының заңгері Аленов Абдрахман Амирадинович оқыды.

Дәріс барысында Абдрахман Амирадинович азаматтық істерді қараудағы өз тәжірибесіне кеңінен тоқталды. Сотта қандай материалдар мен құжаттар дәлелдеме болып есептелетінін, дәлелдемелерді қалай ұсынуға болатынын, ал нені дәлелдеуге жатпайтынын атап өтті. Адвокаттың айтуынша, соттағы әрбір дәлелдің маңызы зор, бірақ барлық дәлелдерді салыстырып, екі тараптың ұстанымын бағалау одан да маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, қолыңызда күшті дәлел болсада сіз істі жеңіліске ұшырауыңыз мүмкін, дегенмен керісінше жағдайлар да кездеседі.

Аленов Абдрахман студенттерге сот отырысында сөз сөйлеген кезде барлық сот материалдарын мұқият зерделеу және сөздерді мұқият таңдау, сонымен қатар құқықтық этиканы әрқашан сақтау қажеттігін атап өтті. Адвокат сондай-ақ өз тәжірибесінен қандай мәлімдемелер ар-ожданға нұқсан келтіру ретінде есептелетіні, жала жабу фактісі сотта қалай дәлелденетіні сияқты қызықты мысалдар келтірді.

Студенттер адвокат келтірген Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарындағы дәлелдемелер мен дәлелдеуді салыстырмалы талдауға қызығушылық танытты. Абдрахман Амирадинович салыстырмалы талдауға сүйене отырып, отандық сот өндірісін жетілдіру бойынша өз пікірін, ұсыныстарын білдірді.

Дәріске қатысқан халықаралық қатынастар факультетінің 2-3 курс халықаралық құқық студенттері дәріскерге дәлелдемелерді қамтамасыз етуде өзге мемлекеттерден құқықтық көмек көрсету жолдары, сондай-ақ телефондық хат алмасуды немесе пошталық хабарламаларды іске қалай қосу жолдары туралы сұрақтар қойды.

Дәріс соңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық құқық кафедрасының басшылығы Аленов Абдрахман Амирадинұлына алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.