Орнықты даму мақсаттары. Біз темекіге қарсымыз!
Көрулер: 687
Механика-математика факультетінде педагогикалық практика барысында 1-курс докторанттары А.Абекова, Ж.Айтуганова, Б.Меркибаевалардың ұйымдастырыуымен Орнықты даму мақсаттары (ЦУР) аясында "Біз темекіге қарсымыз" атты тәрбие сағаты өтті.
Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) – 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы «барлық адамзат үшін жарқын да орнықты болашаққа қол жеткізудің жоспары» ретінде әзірлеген, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және планетамызды қорғауға бағытталған өзара байланысты мақсаттардың жиынтығы.Біз білетіндей, бұл даму бағдарламасында кедейлікті жою, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, климаттың өзгеруімен күресу және қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірқатар мәселелерді шешуге бағытталған Орнықты дамуға жетудің 17 мақсаты (ОДМ), 169 міндеті көзделген. Сол мақсаттардың бірі (3-мақсат) - халықтың денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына қол жеткізу.
Механика кафедрасының студенттері де бұл мақсатқа жету жолында өз үлестерін қосып, "Біз темекіге қарсымыз" атты тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатына 50-ге жуық студенттер, механика кафедрасыың профессорлары мен оқытушылары, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Тәрбие сағаты барысында темекінің адам ағзасына, қоршаған ортаға, өндіріске, жалпы адамзаттың дамуына келтіретін зияндары жайлы презентацилар көрсетіліп, пікір-сайыс өткізілді. Университет студенттері арасында аталған тақырыпқа қатысты, докторанттардың дайындаған сұрақтары бойынша, Google формада сауалнама жүргізіліп, нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар студенттер арасында тақырыпқа сай түсірілген қысқа видеороликтер (вайн) байқауы ұйымдастырылды. Темекінің зиян екендігін бір минуттық видеороликте жеткізе білу оңай болмаса да, студенттер белсенділік танытты. Нәтижесінде механика мамандығының 1 курс студенттері Силанбекқызы Ақерке, Сұлтан Заңғар, Шынарбек Оспанқұл түсірген вайн үздік деп танылып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Шақырылған қонақтар атынан Жауынгерлік Самбодан Спорт шебері Омархан Шыңғыс мырза да өз кезегінде темекінің зияны туралы пікірін білдіріп, студенттерге салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану керектігін баса айтты. Тәрбие сағатының соңында «Темекінің зиянды екендігін біліп қана қоймай, сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау маңызды» -, деген қорытынды жасалды.



30.11.2023
Автор:Туралина Д.Е. , ф.-м.ғ.к, аға оқытушы. Механика кафедрасы.






