Механика кафедрасының аға оқытушысы Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы Жапониядағы ғарыштық инженерия білімінің әдістері бойынша өткен семинарға қатысты.

05.09.2022

Көрулер: 850

 

ҚазҰУ механика кафедрасының аға оқытушысы Досжан Нұрсұлтан Сағынайұлы 2022 жылдың 18-31 тамызы аралығында Жапонияның Токио қаласындағы Tokyo Kenshu орталығында және Nihon университетінде ғарыштық инженерия білімінің әдістері бойынша өткен семинарға қатысып келді.

 

Ол іріктеуден өтіп, жапондық мамандардың жоғары бағасына ие болды. Байқау қорытындысы бойынша бұл тағылымдама METI (Экономика, сауда және индустрия министрлігі) және AOTS (Шетелдегі техникалық ынтымақтастық және тұрақты серіктестіктер қауымдастығы) есебінен қаржыландырылды.

 

 

 

Осы бағдарлама аясында Нұрсұлтан Сағынайұлы CLTP-11 (CanSat Leader Training Program) курсына қатысты. CLTP ғарыштық білім беру бағдарламасы болып табылады. Ол HEPTA-Sat комплектін пайдалана отырып, бүкіл спутниктік жүйені құрастыру процесінен өту арқылы ғарышты игерудің нақты процесін зерттеуге бағытталған. Бұл оқыту бағдарламасы зерттеушілер мен оқытушыларға арналған және қазіргі таңда ол оқу нәтижелерін, алған білімдерін өз ЖОО-да ғарыштық технологияларды дамыту мақсатында оқу процесіне қолданып келеді.

 

Қазіргі таңда Досжан Н.С. механика кафедрасы меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады және бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде ғарыштық аппараттар топтамасының қозғалысын зерттеумен айналысады. Сондай-ақ ғарыштық техника және технологиялар мамандығы бойынша студенттерге шетелден алған тәжірибесімен бөлісіп, білім беріп механика кафедрасының дамуына үлес қосып келеді.