СТУДЕНТТІК ӨМІР – ҚЫЗЫҚТЫ ӨМІР!

07.12.2020

Көрулер: 1722

2020 жылдың 27 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасы корейтану бөлімінің 2 курс студенттері «Мен жастарға сенемін!» жобасының аясында 17 қараша – Халықаралық студенттер күніне арналған "Студенттік өмір – қызықты өмір!" атты мәдени-танымдық іс-шара өткізді. 

Іс-шара барысында студенттер атаулы күн туралы дайындаған презентацияларын көрсетіп, қазіргі замандағы студенттердің қоғамда алатын орны туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, 1 курста бастарынан өткен қызықты сәттерімен бөлісіп, бір-біріне деген ыстық лебіздерін білдірді. 

         Мәдени-танымдық іс-шара, ең алдымен, студенттер күнінің шығу тарихына  арналған презентацияны тыңдап, тамашалаудан басталды. «Шетел филологиясы: корей тілі» мамандығының студенті Советова Нұрайым өз сөзінде   студенттер күнін атап өту тарихының да басқа атаулы мерекелердің тарихы тәрізді ауыр да, қайғылы оқиғадан басталғандығын баяндап, Студенттер күнінің тарихы 1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияда мемлекеттің құрылған күнін атап өту үшін студенттер мен оқытушылардың шеруге шығуынан басталғандығын, оның соңы қантөгіспен және концлагерьлерге жөнелтулермен аяқталғандығын, әрі Гитлердің бұйрығымен Чехиядағы барлық оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабылғандығын, нәтижесінде 1941 жылы Лондонда чехиялық студент-патриоттардың құрметіне арнап өткізілген Бүкіләлемдік студенттер конгресінде Халықаралық студенттер күні белгіленгендігі туралы әңгімелеп берді.  Нұрайым қазіргі таңда дүниежүзінің студенттерінің осы атаулы мерекені әртүрлі деңгейде атап өтетіндігін, бұл мерекенің студенттерді біріктіріп, олардың университет қабырғасындағы өмірлерінің мәнді де, қызықты өтуіне себепші болатындығын атап көрсетті.

    Сөз кезегін алған Болатова Айнұр көңіл сергіту мақсатымен студенттер мен университеттер туралы ең қызықты факттер туралы баяндады. Мәселен, Айнұр, ең ұзын шпаргалка – 600 м, студенттер оны жасауға 16 сағат жұмсағандығы, студенттер арасында «айқайлау» дәстүрі бар екендігін, бұл дәстүрдің, әсіресе, сессия кезінде студенттерге стресстен айығу үшін жақсы көмектесетіндігі секілді қызықты мәліметтер айту арқылы іс-шараның көркін кіргізді. 

Жолдасбай Айша студенттер күніне орай «... Бірде аш, бірде тоқ боп жүретұғын, Біз сияқты студенттер бақыттылар!» деген жолдармен аяқталатын өзі шығарған өлең шумақтарын оқып, курстастарына керемет әдемі тарту жасады. Студенттер әлемге тараған індеттің салдарынан қашықтан оқуға мәжбүр болып жатқандықтары туралы, соған қарамастан уақыттарын қызықты, әрі пайдалы өткізіп жүргендерін, онлайн форматта білім алудың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы өз ойларын білдірді. 

Топ жетекшісі іс-шараны қорытындылап, студенттердің әрқашанда қоғамның белсенділігін жоғарылатып, мемлекеттің негізін құрайтын ең ерекше жастар тобы екендігін, ал, студенттік шақтың өз-өзіңді көрсетіп, шыңдалу мүмкіндіктерімен қатар, креативті идеяларға толы қымбат кезең екендігін айтып, студенттерді мерекелерімен құттықтады.