КОРЕЙТАНУ АПТАЛЫҒЫ АЯСЫНДА КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАС КОНСУЛЫ АРНАЙЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ

22.02.2020

Көрулер: 1869

2020 жылдың 21 ақпанында корейтану апталығы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасында Корея Республикасының Бас консулы Ким Хынг Су «Корей түбегін біріктіру саясаты және болашақтағы ынтымақтастық» тақырыбында арнайы дәріс оқыды.

Бас консулдың дәрісіне 50-ге жуық адам қатысып, оның ішінде Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ем Н.Б., профессор Мен Д.В., шақырылған профессорлар Ли Бенг Джо, Джанг Вонки, Юн Хенг Сук және кафедраның басқа да оқытушылары болды. Өз дәрісінде Бас консул мәдени және тарихи ұқсастықтар негізінде екі ел ынтымақтастығының жоғары әлеуеті, Корей түбегіндегі екі мемлекеттің бірігуі жүзінде халықаралық қатынастардың даму келешегі мен ықтимал қауіптер туралы баяндады. Сондай-ақ, Ким Хынг Су мырза студенттерге елдер арасындағы достастықтың болашақ көпірі болуға тілек білдіріп, дәрістен кейін баяндаманың мазмұны бойынша корей тілінде әртүрлі саяси сұрақтар қойған студенттерді кішігірім сыйлықтармен марапаттады. Бұл өз кезегінде жастар арасында корей тілін үйренудің өзектілігі мен олардың дайындық деңгейінің жоғары екендігін көрсетті.

17-21 ақпан аралығында өткен корейтану апталығы әртүрлі таным-тәрбиелік іс-шараларға толы болды. Олардың ішінде Сеул қаласында орналасқан корей әдебиеті ғылыми орталығының демеушілігімен ұйымдастырылған корей тілі мен корей мәдениеті бойынша олимпиада, корей тарихы күні аясында кафедра студенттерінің музыкалық өнер көрсетуімен бірге өткізілген "Мен және Корея" байқауы, "Шинхан Банк Қазақстан" АҚ-ның басқарушы директоры Н.М.Жақсыкелдиновтың "Университетті бітіргенде қандай маман болу керек"тақырыбында арнайы дәрісі өткізілді. Ең жарқын іс-шаралардың бірі – «Корей тағамдары» күні болды. Ким Ян Ми, Ли Зенг Хе, Чой Дже Енг сынды шетелдік оқытушылар ұйымдастырған шеберлік сағатында корей тағамдарының дайындалу ерекшеліктеріне қызығушылық білдірген барлық студенттер қатысып, өз қолдарымен «кимпап», «токпокки» сияқты корей ұлттық тағамдарын әзірлеуді үйренді.

Ежелден ұстаз мамандығына ең жоғары талаптар қойылып келеді. Осыған орай, Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары өз қызметтерін абыроймен атқарып, әрқашан факультеттің қоғамдық өмірінің нақ ортасында болып, мамандық меңгеруде шығармашылық бастамаға бағытталған студенттердің оқу үдерісін түрлі іс-шаралармен ынталандырып келеді.