2021 жылдың 6 сәуірінде сағат 12-00-де ZOOM платформасы арқылы шығыстану факультетінің 1 курс магистранты Юсупова М.М. аға оқытушылар Ташкенбаева Б. Ж. және Серикбаева З. А. жетекшілігімен факультеттің 2 және 3 курс студенттері үшін "Жұмысқа сәтті орналасу" тақырыбында кәсіби еңбектік тәрбиелік мақсаттағы іс-шара өткізді.
Бұл іс-шараның мақсаты жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өмір жолын дұрыс таңдауға ынталандыру, жұмысқа орналасудың тәсілдері мен әдістерін көрсету болды. Тәрбиелік мазмұндағы іс-шара студенттерге қайда жұмыс істегілері келетіні туралы сұрақ қоюдан басталды. Студенттер қойылған сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз ойларымен ашық бөлісіп отырды.
Сондай-ақ, шара барысында студенттер назарына ұсынылған презентацияда жұмыс іздеудің әдіс-тәсілдері, жұмыс іздеу кезінде студенттердің қажеттіліктерін анықтауға арналған тапсырмалар, практикалық кеңестер берілді. Студенттер түйіндемені қалай дұрыс құрастыру керектігі және сұхбаттан қалай сәтті өтуге болатындығы туралы ақыл-кеңестер алды. Іс-шара соңында студенттер өздерін таныстыруды іс жүзінде жасап көріп, сұрақтар қойып, толық жауаптар алды.
Бұл ашық тәрбие сағатында болашақта әлі де осындай іс-шаралардың студенттер үшін өткізудің өте қажет екендігін көрсетті. Себебі, жұмысқа сәтті орналасу тақырыбы барлық студенттер үшін өзекті мәселелердің бірі.