Халықаралық дөңгелек үстел

30-там-23

Көрулер: 405

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Пан Ги Мун Тұрақты даму институты, ҚазҰУ-дың «Невада-Семей» жастар ұйымы мен Халықаралық қатынастар факультеті жанындағы БҰҰ туралы ақпараттың аймақтық ресурстық орталығы халықаралық қатынастар факультеті, география және табиғатты тиімді пайдалану факультетінің тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған Халықаралық дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматыдағы өкілдігімен, сондай-ақ «Полигон 29 тамыз» қоғамдық қорымен және «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Қазақстан әлемдегі ядролық қаруды сынаудан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Дәл осы күні, 1991 жылы 29 тамызда әлемдегі ең ірі Семей полигоны ресми түрде жабылды. Бұл күн Қазақстанның бастамасымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 64-сессиясында бекітілген және БҰҰ-ның, әлем мемлекеттерінің, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың ядролық қарудың тестілеуін тоқтату жөніндегі күш-жігерін белсендіруге арналған.

Дөңгелек үстелде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен – қоршаған ортаны қорғау (ТДМ14 су астындағы тіршілік және ТДМ15 құрлықтағы тіршілік), ресурстарды тиімді басқару және климаттың өзгеруімен күресу (ТДМ13 климаттық іс-қимыл), әділеттілік пен заң үстемдігін ілгерілету (ТДМ16 бейбітшілік, әділеттілік және институттар) және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін серіктестіктермен (ТДМ17 тұрақты даму үшін серіктестіктер) байланысы атап өтілді.

Дөңгелек үстелдің мақсаты ғылыми және академиялық қоғамдастық, халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттердің қатысуымен ядролық сынақтарға қарсы жан-жақты диалог құру болды. Осы халықаралық дөңгелек үстелде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы, БҰҰ-ның Алматы қаласындағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, Иран Бас Консулдығының атташесі Бободжа Ағазаде құттықтау сөз сөйледі, сондай – ақ ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбенұлы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бітімгерлерді даярлау орталығының полковнигі-басшысы Бауыржан Нығметуллин, "Невада-Семей" қозғалысының вице-президенті Валерий Айтмұқашұлы Жандаулетов, "Полигон 29 тамыз" ҚҚ басшысы Нұрлан Кешримұлы Бозтаев сөз сөйледі, "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының ардагерлері, Ниланджан Бора Үндістан Республикасы Бас консулының орынбасары, Эмре Қарабұтақ Түркия Республикасының Бас консулы, Боровик Олег Анатольевич Ресей Федерациясының Бас консулы, география және табиғатты пайдалану факультетінің ПОҚ және халықаралық қатынастар факультетінің студенттері қатысты.

 

Дөңгелек үстелдің қатысушалары мен қонақтары ядролық сынақтардың маңызды аспектілері, олардың қоршаған ортаға тигізетін әсері және осы тұрғыда тұрақты дамудың маңыздылығы туралы талқылады.