Әлламе Табатабаи университетінде қазақ тілі оқытылуда

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Иранның Әлламе Табатабаи университеті арасындағы ынтымақтастық аясында 2020 жылдың 24 қазанынан Ә. Табатабаи университетінің Филология және шет тілдері факультетінің Түркі тілдері кафедрасы студенттеріне «Қазақ тілін үйрену курсы» басталды. Онлайн форматтағы дәрісті аталмыш университеттің Түркі тілдері кафедрасының меңгерушісі, PhD М. Резаи мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ирантану бөлімінің меңгерушісі, PhD Б.Ш. Батырхан құттықтау сөзбен ашып, аталған курста студенттердің қазақ тілін үйренуде жақсы көрсеткіш көрсететіндігіне зор сенім білдірді. Ирандық студенттерге қазақ тілі курсын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Құдайбергенова Гүлбақыт пен докторант Жетпісбаева Қалуаш жүргізеді. Алғашқы дәрісте аға оқытушы Құдайбергенова Гүлбақыт студенттерге қазақ тілі мен жазуы және оның тарихы туралы ақпарат беріп, студенттерді қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуға арналған оқулықпен таныстырды. Оқулықтың құрылымына шолу жасап, тілді үйретуді әліпбиден бастады. Болашақ түркітанушыларға арналған қазақ тілін үйрену курсына 50-ден аса студент зор ықыласпен қатысуда. Курсқа белсене қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен студенттерге семестр соңында арнайы сертификат берілетін болады.

Ә. Табатабаи университеті Ирандағы ең үздік 10 университтің бірі.

Басылым күні :  09.11.2020