Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары Иранның 4-ғылым каналы бағдарламасына қатысты

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А.Ж. Боранбаева мен Ғ.Ә. Қамбарбекова Иран еліне 2024 жыл 14-21 наурыз іссапарға барып қайтты.

Бұл сапардың басты мақсаты Иран Ислам Республикасының «Седо ва Симо» телерадио бірлестігінің 4-ғылым каналы ұйымдастырған Наурыз мерекесіне арналған «Сарзамин-и шер» атты арнайы бағдарламаға қатысу болатын. Бағдарлама 2024 жыл 17 наурыз күні түсірілді. Бағдарламаға Наурыз мерекесін тойлайтын көптеген елдердің ирантанушы мамандары қатысты. Атап айтқанда Армения, Үндістан, Түркия, Пәкістан және Қазақстан. Қазақстаннан арнайы осы бағдарламаға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А. Боранбаева мен Ғ. Қамбарбекова қатысты. Бағдарламада Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлаудың ерекшеліктері мен Ирандағы Наурыз мерекесіне ұқсайтын тұстары жан-жақты сөз болды. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне шашу ретінде әр елден келген ирантанушы жуырда жарық көрген жаңа басылымдарымен қатысқан болатын. Қазақстандық ирантанушылар жуырда жарық көрген Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздікті осы бағдарламаға алып келіп, сөздік туралы баяндап берді. Ал Түркиядан келген ирантанушы Н.Йылдырым болса ондаған жылдар бойы парсы тілінен түрік тіліне аударған 2-томдық Шахнама кітабын шашу ретінде алып келді. Басқа да елдерден келген қонақтар құр қол келмеді. Бағдарлама барысында Наурыз мерекесінің ұлттар мен ұлыстар арасын жалғайтын алтын көпір екендігіне ерекше назар аударылды. Жалпы мұндай бағдарламалар ИИР телерадио бірлестігінің 4-каналында жыл сайын болады және алдағы жылы да осындай бағдарлама ұйымдастырылатыны айтылды.

 

Басылым күні :  25.03.2024