Стамбұлдағы Дәр әл-фунун кітапханасындағы парсы қолжазбалары тақырыбында ғылыми семинар өтті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы 2023 жыл 1-наурыз күні ирантану бөлімінің ұйымдастыруымен Стамбұлдағы Дәр әл-фунун кітапханасындағы парсы қолжазбалары атты тақырыпта осы кітапхананың бас маманы, Мұхаммед Раззақимен вебинар өтті. Вебинардың қонағы тарихшы, қолжазбатанушы Мұхаммед Раззақи соңғы жылдары Стамбұл университетінен қарасты Дәр әл-фунун кітапханасының қолжазбалар мен сирек кітаптар қорында жұмыс істейді. Бүгінгі вебинарда ол Дәр әл-фунун кітапханасында сақталған парсы тіліндегі қолжазбалар туралы жан-жақты баяндап бұл қолжазбалардың әлі күнге дейін толықтай зерттелмегендігі туралы баяндады. Дәр әл-фунун кітапханасы бұрындары жоғары білім беру әскери мектебі болған, ал ішіндегі қолжазбалар мен сирек кітаптар жан-жақтан, атап айтқанда Осман сұлтандары сарайында қызмет еткен адамдардың жеке коллекцияларынан құралған. Бұрындары бұл қордағы қолжазбалардың тізімі алынып библиографиялық көрсеткіші дайындалған. Алайда библиографиялық көрсеткіш каталогты алмастыра алмайтыны баршаға белгілі. Сондықтан осы таңда вебинар қонағы Мұхаммед Раззақи Дәр әл-фунун кітапханасы қорындағы парсы тіліндегі қолжазбалардың каталогын жасаумен айналысады. Бұл қорда сақталған парсы тіліндегі қолжазбалардың саны 1600. Сонымен қатар 35000 жуық сирек кездесетін (литографиялық) кітаптар бар. Бұл кітаптар араб, парсы және осман түрік тілдерінде. Әлі күнге дейін сирек кітаптардың жеке-жеке каталогтары жасалмаған. Көлемі көп болғандықтан вебинар қонағының айтуынша парсы тіліндегі қолжазбалар мен 35000 сирек кездесетін кітаптардың ішіндегі парсы тіліндегі кітаптарды анықтап жеке каталогын дайындау ұзақ уақытқа созылатын жоба. Вебинар соңында Мұхаммед Раззақи қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп әріптестер арасында қызу пікірталас болды. Парсы қолжазбаларына арналған Мұхаммед Раззақидың вебинары тың мәліметтерге толы және қолжазбатанушылар үшін пайдалы болды.

Басылым күні :  02.03.2023