2022 жылдың 21 ақпаны – Халықаралық ана тілі күні (ЮНЕСКО)

Искакова Зауре Ереновна

Әл-Фараби ҚазҰУ

Шығыстану факультеті

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы

 

2022 жылдың 21 ақпаны – Халықаралық ана тілі күні (ЮНЕСКО)

 

2022 жылдың 21 ақпанында онлайн режимде «ЮНЕСКО халықаралық ана тілі күніне» орай халықаралық онлайн поэзия фестивалі өтті. Фестивальді Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті мен (Мәскеу, Ресей) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара мәдениетаралық коммуникацияны жақсарту, сонымен қатар мәдени және тілдік әртүрлілікті ілгерілету құралы ретінде көптілді білім беруді дамытып, қолдауға бағытталған.

Бангладеш Халық Республикасының Ресейдегі Елшісі Камрул Ахсан мырза; Үндістан Республикасының Өзбекстандағы Елшісі Маниш Прабхат мырза; Дж.Неру атындағы Мәдениет орталығының директоры Доктор Уша Радхакришна (Ресейдегі Үндістан Елшілігі); Мумбай қаласындағы Орыс үйінің директоры (Орыс серіктестігі, Мумбай, Үндістан) доктор Е.С.Ремизова құттықтау сөздерін жолдады.

Мерекенің географиясы өте ауқымды болды! Фестивальге РМГУ (Халықаралық қатынастар, саясаттану және шетелдік аймақтану факультеті), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Шығыстану факультеті, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы), Ташкент мемлекеттік шығыстану университеті, Савитрибаи Пхуле атындағы университет (Пуна, Махараштра, Үндістан), И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің Мемлекеттік тіл және мәдениет институты, Шиваджи атындағы университет (Колхапур, Махараштра, Үндістан), Қазан федералды университеті, Махараджа Саяджирао атындағы Барода университеті (Вадодара, Гуджарат, Үндістан), Санкт-Петербург мемлекеттік университеті (Санкт-Петербург, Ресей), М.В. Ломоносов атындағы ММУ ААМИ (Ресей, Мәскеу) оқытушылары мен студенттері қатысты. Қатысушылар әртүрлі тілдерде өлеңдер оқып, ән шырқап, презентациялар дайындады. Сонымен қатар, «Арт дизайн» білім беру орталығының (РМГУ) 4 курс студенттерінің орыс ақын-жазушыларына арналған шығармашылық жұмыстарының онлайн көрмесі ұйымдастырылды.

Шығыстану факультетінен Пайшамбиев Руми (магистрант) Иранның көріністері бейнеленген әдемі бейнероликтің сүйемелдеуімен Хафиздің парсы тілінде ғазалын оқыды,; Мұхамбет Диана (4 курс) араб тілінде ән шырқады; Тельманова Жансая (үндітану бөлімі, 3 курс) домбыраның сүйемелдеуімен «Ақ бұлақ» әнін орындады. Біздің студенттеріміздің өнерлері іс-шараның барысында үлкен қошемет пен көптеген оң пікірлер туғызды.

Бұл біздің бірлескен бірінші шарамыз емес. Аталған фестиваль осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы біздің студенттер фестивальге белсене қатысып, лайықты жоғары бағаға ие болған еді. Сонымен қатар, Пушкин күндері, йога мерекелері, ғылыми конференциялар және т.б. бірлесе ұйымдастырылып тұратын дәстүрлі іс-шаралар болып табылады.

Фестивальдің онлайн форматы бір-бірінен мың шақырым қашықтықта тұрып жатқан әртүрлі елдердің қатысушыларын біріктіруге мүмкіндік берді. Фестивальдің барысы өте шынайы болды, мереке аяқталғаннан кейін де қатысушылар ұзақ уақыт бойы пікір алмасып, бір-біріне алғыстарын білдіріп жатты. Ескі достар мен әріптестер қайта кездескенге қуанып, жаңа шәкірттерін бір-бірімен таныстыруға, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндікке ие болды.

 

Басылым күні :  23.02.2022