ЖАҢА БІЛІМ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

ЖАҢА БІЛІМЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасы заманауи қазақстандық студенттердің таным көкжиегін кеңейтті – енді философия, психология, әлеуметтану, дінтану, мәдениеттану, лингвистика, журналистика, экономика және менеджмент салаларындағы әлемдік ғылыми бестселлер қазақтілінде қолжетімді болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып әрі жарыққа шыққан алғашқы 18 кітап бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың білім беру үдерісіне енгізілді.

Жарық көрген алғашқы он сегіз кітаптың ішіндегі алты оқулықты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы аударды. Олардың арасында, Джордж Ритцер мен Джеффри Степництің «Әлеуметтік теориялар» оқулығы әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқу, педагогикалық, ғылыми-зерттеу және диплом алды тәжірибелік бағдарламаларына енгізілді. Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының меңгерушісі, аудармашылар авторлық ұжымы мүшелерінің бірі Гүлмира Әбдірайымова бастау алған жобаның ауқымдылығы мен уақтылығын атады: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» Жобасы біздің мамандарды дайындауды жаңа сапалы деңгейге шығарады. Аударылған оқулықтардың шетелдік жетекші университеттердің оқу бағдарламаларына енгені әрі бірнеше рет басылып шығуы олардың қажеттілігін дәлелдейді. Біз оларды оқу үдерісінде қолданудамыз және олардың қалыптан тыс ойлауды дамытуға көмектесетіндігін әрі жаңа жаһандық білімді ашатынын көріп отырмыз».

Кітаптарды енгізу жұмыстары философия кафедрасында да жүргізілуде. Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» еңбегі бакалавр студенттері мен магистранттарға арналған «Заманауи әлеуметтік философия», «Прагматизм философиясы», «Ницше және постмодерн философиясы» сияқты курс бағдарламаларына енгізілді. Мемлекеттік тілге аударылған әлемдік ғылыми әдебиет экономикалық мамандықтарда да белсенді түрде қолданылуда. Мысалға, ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушылары бакалаврдан бастап докторантура сатысына дейін қазақ бөлімінде оқитындарға «Экономика негіздері мен қағидалары», «Экономикалық теория», «Микроэкономика» және «Макроэкономика» пәндерін оқытуда Г. Мэнкью мен М. Тейлордың «Экономикс» оқулығын қолданады.  

Аударылған оқулық студенттерге макроэкономикалық тенденциялар контексінде жаһандану жағдайындағы экономиканың дамуында экономикалық теорияларды меңгеруге септігін тигізеді. Оқулықта келтірілген мысалдар күрделі материалды жақсы меңгеруге мүмкіндік береді, ал өзін бақылауға арналған сұрақтар мен кейстер алынған білімді пысықтайды. Мәселен, докторант Г.К. Иляшова «Қазақстан Республикасының заманауи экономикасында халықтың өздігінен жұмыспен қамтылуы» атты диссертациясына ұзақмерзімді кезеңдегі шынайы экономика секторының дамуы мәліметтерін қолданған.

Кітаптарды оқу үдерістеріне енгізу үдерісі типтік оқу бағдарламаларын өзгертумен және оларды студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына енгізіп қоюмен ғана шектелмейтіндігін айта кету керек. Дінтану және мәдениеттану кафедрасы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында мәдени антропологияны зерттеудің негізгі пәндік саласымен танысу мақсатында 2018 оқу жылына арнап ЖОО авторлық ұжымына дәрістер курсын жасау және дайындауды оқыту бойынша біліктілікті арттыру курсының бағдарламасын жасады. Сондай-ақ, он-лайн білім беру арналарында кафедра мүшелері аударған Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы» негізінде қазақ тіліндегі дәрістер курсы шығарымға дайындалуда.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының басты мақсатты аудиториясы, ең алдымен, қазақстандық студенттер болып отыр. Студенттердің айтуынша, әлемдік оқулықтар оларға мәселелерді шешуде жаңа әдістемелік және қолданбалы құрылғыларды ашады.

«Менің диплом жұмысымның тақырыбы: «Әлеуметтік желідегі коммуникация тілі», - деп аталады дейді философия және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Мадина Жексенбаева. – «Тақырыпты таңдаған кезде, жастардың әлеуметтік желілерге деген жоғары қызығушылығы сияқты өзектілігіне мән бердім. Алайда, жұмысты жазу барысында басты мәселелердің бірі қазақ тіліндегі ақпараттардың жеткіліксіздігі болды. С.Г. Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығын менің жұмысымды дамытудағы негізі кітап деуге болады. Сол үшін де оқулықтың қазақшаға аударылуы мен үшін, ең алдымен, жеке ғылыми секіріс болды деп айта аламын. Осылайша, аталған кітапта жазылған елдің географиялық емес немесе саяси ерекшелігін анықтайтын мәдени карталарды құру әдісін, олардың мәдени стереотипке негізделіп өзге елдерде қабылдануын өзімнің жұмысыма қолдандым. Аталмыш әдісті қолдану менің диплом жұмысыма жоғары ғылыми-тәжірибелік мән қосты».

Халықаралық білімнің қарқынды дамуы жағдайында, әлемнің әртүрлі тілдерінен мемлекеттік тілге аударылып отырған әлемдік оқулықтар тек жастарға ғана емес, оқытушылардың кең ортасына, зерттеушілерге де пайдалы. Білім беру кеңістігі қазақша контентінің мағыналы әрі мазмұнды салмақтануы ғаламдық ауқымда ақпараттық-танымдық шекараны кеңейтуге, білім-ғылым айналымына жаңа терминдер енгізуге, мәдени мұраға және түрлі ғылыми саладағы үздік заманауи авторлардың еңбектеріне араласуға мүмкіндік береді.


Басылым күні :  18.05.2018