«Су және су ресурстары күні» тақырыбында ашық тәрбие сағаты

Green Campus бағдарламасы аясында ҚазҰУ «Гидрология» мамандығының студенттеріне арналған су ресурстарының қазіргі жағдайына баға беру, қорғау, рационалды пайдалану мақсатында, 1 курс докторанттары ашық тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағаты барысында Қазақстан Республикасының су ресурстарының жай-күйі, жалпы су қоры, олардың тапшылығы және су ресурстарының негізгі мәселелері туралы ақпараттар берілді. Сонымен қатар, аталған мәселелердің алдын-алу, оларды шешу жолдарын талқылай отырып, су ресурстарына жүргізілетін мониторингтің түрлері және функциялары жайында деректермен бөлісті. Қазіргі таңда еліміздің су ресурстарына бақылау жүргізу, болжам жасау, гидрологиялық қауіпті құбылыстардың алдын-алу мақсатында «Қазгидромет» және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемелері қарқынды қызмет атқаруда. Аталған мемлекеттік мекемелердің негізгі қызметтері мен міндеттері жайында, осы мекемелерде жұмыс істейтін докторанттар өз тәжірибелерімен бөлісті.  «Қазгидромет» ММ-нің қызметкерлерінің айтуынша, елімізде су ресурстарына бақылау жүргізетін 352 гидрологиялық бекеттер бар. Олар су температурасы, су деңгейі, су өтімін өлшеу, мұз құбылыстары, жауын-шашын, қар жамылғысының биіктігі мен тығыздығы сияқты бақылау түрлерін жүргізеді екен. Бақылаулар нәтижесінде су ресурстарының негізгі мәселелері айқындалып, су ресурстарына болжам жасай отырып, негізгі мәселелерді шешу жолдары белгіленеді. Өткізілген тәрбие сағаты барысында, осы мәселелердің шешу жолдары жайында айта отырып, барлық қатысушыларды су ресурстарын қорғауға, ұтымды пайдалануға шақырды.

Су - адамзаттың өмір сүруі үшін ең қажетті ресурстардың бірі. Сондықтан, су ресурстарының тұрақты дамуы, біздің ұрпақтарымыз үшін жарқын болашақтың кепілі болып табылады.

#kaznu.kz

#department of meteorology and hydrology

#RSE KazHydroMet

 

Басылым күні :  27.03.2021