Студенттер арасындағы республикалық пәндік олимпиада 2019

2019 жылы 28–29 наурыз аралығында әл–Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультетінде «5В060600–Химия», «5В072000–Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» және «5В072100–Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша студенттер арасында Республикалық пәндік олимпиада өткізілді. Онда Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттері өзара ашық түрде білімі, ептілігі мен икемділігі бойынша бақ сынасып, жеңімпазды анықтады. Жыл сайынғы өтетін Олимпиаданың басты мақсаты – жастарда шығармашылық ойлау дағдысын қалыптастыру және химия және химиялық технология саласы бойынша студенттерде ғылыми–зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыру.

Олимпиадаға 27 команда қатысты. Әр командада 1–4 курс күндізгі бөлімдерінде оқитын үш студенттен құралған. Қатысушылардың жалпы саны 81, олар әл–Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Алматы техникалық университеті, Қазақстан–Британ техникалық университеті, Шәкәрім атындағы Мемлекеттік университеті, Семей қ., Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік–Қазақстан мемлекеттік университеттерінен келген студенттер. Іс–шараның ашылу салтанатында химия және химиялық технология факультеті деканы х.ғ.к. Тасибеков Х.С. сөз сөйледі.

Олимпиада 2 тур бойынша өткізілді. БЗХТ және ОЗХТ мамандықтары бойынша бірінші турда қатысушылар компьютерлік тесттен өтті, онда студенттер тест сұрақтарына жауап берді. БЗХТ мамандығы бойынша екінші турда қатысушылар Қазақстан Республикасы өндірісінде кездесетін шынайы техникалық проблемаларды шешті. ОЗХТ мамандығы бойынша 2 турда қатысушалар ауызша түрде өздері таңдаған 5 пәнді қамтитын сұраққа жауап берді. Қатысушы тақырып пен сұрақтың күрделілік деңгейін таңдау құқығына ие болды. Химия мамандығы бойынша Олимпиадаға қатысушы студенттер алғашқы турда «5В060600–Химия» мамандығы пәндерін қамтитын есептер шығарса, екінші турда лабораторияда тәжірибелік есептер шешті.

Қатысушылар жұмысы мен жауаптары құзыретті қазылар алқасы мүшелерімен бағаланды, ол ҚазҰУ ПОҚ мен бөгде ұйым өкілдерінен құралған

Жекелей сайыста ҚазҰУ студенттері «Химия» мамандығы бойынша Тұрсұн Қазбек, «БЗХТ» мамандығы бойынша Ибраимов Заир және Жигалёнок Ярослав, «ОЗХТ» мамандығы бойынша Ауғанбек Бауыржан екі тур қорытындысы негізінде максималды балл жинап Олимпиада жеңімпаздары болып танылды.

Командалық сайыста үш мамандық бойынша әл – Фараби атындағы ҚазҰУ командалары «Радиоактивные» («Химия» мамандығы), «Октоген» (сп «БЗХТ» мамандығы) және «КазНУ 2» («ОЗХТ» мамандығы) екі тур қорытындысы бойынша жоғары балл жинап үздік деп танылды.

Жекелей және командалық сайыста екінші, үшінші орын алған барлық қатысушылар мен командалар диплом мен сертификаттармен салтанатты түрде марапатталды.

Студенттер арасындағы Республикалық пәндік олимпиаданы ұйымдастырушы ұйымдастыру комитеті

 

Басылым күні :  04.04.2019