«Екінші ұстаз»

11.05.2020ж. күні педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ш.Таубаевнаның «Екінші ұстаз» онлайн-вебинарлар сериясы аясында «Әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасы» тақырыбындағы онлайн-вебинары өтті.

Вебинар барысында Шаркуль Таубаевна әлемнің екінші ұстазы атанған Әл-Фарабидің еңбектеріне ғылыми-танымдық ізденіс жұмыстарын жүргізе отырып, ғұлама ойшыл еңбектеріндегі педагогикалық тұжырымдамаларына тоқталды. Фараби еңбектерін зерттеуші ғалымдар мен олардың еңбектерін атай отырып, олардың қаншалықты өзекті екендігін баяндады. Бақытты қоғам мен қайырымды қаланың тұрғындарының адами қасиеттерін , бақытқа жету жолын көрнекі түрде трек-сызбалар арқылы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, заманауи педагогикаға қажет идеяларын да аңғарып, тыңдаушыға түсінікті болатындай етіп сипаттады.

Вебинар барысында Ш.Таубаевна Әл-Фарабидің педагогиканың ішкі құрылымына сәйес жеке бөлімдеріне тоқталды. Ғұламаның ұсынған әдіснамалық тұғырлардың бүгінгі күні де көкейкесті екендігін баса айтты. Әл-Фараби педагогиканың философиясы мен әдіснамасындағы гуманистік, жүйелілік, антропологиялық, құндылықтық, іс-әрекеттік, тарихи, тұлғалық, психологиялық, социологиялық, герменевтикалық, экономикалық сияқты тұғырлардың негізін салды және оларды қисынды пайдаланудың үлгісін көрсетті.

Одан әрі профессор әл-Фарабидің тіпті дидакт Ян Амос Коменскийден 600 жылдай бұрын жазып кеткенін дәлелді түрде тыңдаушы назарына ұсынды. Ондағы оқытудың мақсаты – шәкірттің бойында білім беру мен   зерттеуге үйрету арқылы   білім, ақыл, парасат қалыптастыру дей келе, оқытудың түпкі мақсаты – адамдарды бақытқа жеткізу екендігін баса айтты. Әлемнің екінші ұстазы қаншама тіл біліп, сан қырлы ғылымдарды зерттесе де, әрдайым оқу мен білімнің мақсатын адами құндылықтар арқылы, яғни «білім- ақыл – парасат- бақыт» формуласын ұсынғанын ғұламаны еңбектеріндегі тұжырымдармен сипаттады. Әл-Фарабидің тәрбие, әдістеме, басқару салаларындағы жүйелі пікірлері заманауи педагогикаға қажет идеяларын саралап, жинақтап баяндады.

Әл-Фарабидің педагогиканың акмеология, андрогогика, инноватика сияқты салаларының да негізін салғанын да мазмұндады. Ұстаз дана болуы керек және ол балаларды бақытқа жеткізуші деп санаған екен. Ешқашан адами құндылықты материалдық дүниеден төмен қойып, немесе атақ пен даңқ жолында құрбан етпеген. Адами құндылықты адамның ары таза, жаны таза, рухы таза болуын үнемі қайырымды қала тұрғындарының адами қасиеттерінде көрсетті. Ғұлама әрдайым ұстанымына берік болған, қарапайым, байлыққа қызықпаған, ғылымнан ерекше шабыт пен ләззат алған, әдемілікті ұнатқан.

Вебинардың қаншалықты мазмұнды болғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Профессор Ш. Т.Таубаевнаның әдіснамалық шеберлігі Фарабидің еңбегін заманауи тыңдаушыға соншалықты жаңа, өзекті әрі түсінікті етіп жеткізе білуге себепші болды деген ойдамын.

2020 жыл айтулы мерекелерге толы. Соның бірі, осы жылы біз әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтоын тойлаудамыз. Мерейтой қарсаңында қаншама конференциялар мен жиындар өтуде. Соладың бірінде Шаркуль Таубаевна «Фарабиді әлі де терең пайымдап, педагогика саласындағы тұжырымдамаларын әлемге паш ететін уақыттың жеткенін» тілге тиек етті.

Энциклопедист, әмбебап, философ әрі педагог, психолог әл-Фарабидің педагогкалық ой-тұжырымдамалары әлі күнге әлемдік классикалық ғылым деңгейінде жеткізуді мақсат тұтып, келешекте жас ғалымға Екінші ұстаз образын ұсыну қажеттігін айтып өтті.

Әсте адам баласы ішсем, жесем деген төменгі қажеттіліктен «көрсем», «білсем» деген жоғарғы қажеттіліктерге өту арқылы өзге тірі жан иелерінен ерекшеленеді. Өмірлік даму жолында әрбірі кем дегенде бір ұстаздың алдынан өтеді. Ұстаздың қолында ұлы күш. Ұстаздың ұстанымы қоғамды қалыптастырады. Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы деп те сол үшін айтса керек. Ұстаз әлемді қалыптастырушы. Ұстаз ниеті қоғамның даму жолын, ондағы адамдардың мінезі мен өмірлік мақсатын айқындайды. Болашақ қадамының бағытын айқындайды. Осы тұста әл-Фараби бабамыздың әрбір еңбегі үйретушілік, тағылымдық мазмұнға бай. Ұстаз ғана жан-жақты бола алады. Себебі, ол тұлғаны дайындайды. Ал тұлға бір ғана қажеттілікпен шектелмейді. Сондықтан да педагогтар тарапынан біз де әл-Фараби бабамызға «таласып», оны үлкен сеніммен ҰЛЫ ПЕДАГОГ деп айтқымыз келеді.

Сөз соңында, өмірдегі барлық қиыншылық пен кедергілерді оқу-білімнен келетін рахат сезім арқылы жеңіп келген әлемнің екінші ұстазы Әбу Наср әл-Фараби бабамыздың мол мұрасын бүгінгідей вебинарда керемет таныстырып, бізге ерекше мотивация берген Шаркуль Таубаевнаға алғысымды білдіремін.

Осы тұста сөзімнің қорытындысы ретінде, Ш.Таубаевнадан білім алған шәкірт, әрі педагогика саласының жас қызметкері ретінде мен де әл-Фараби бабамыздың педагогикалық мұрасын танып білуге, ойластыруға, ақыл-парасатты игеріп бақытты болуға ұмтылу керек екен деген тұжырымға келдім.  

 

P.S. «Екінші ұстаз» вебинарлар сериясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, әл-Фаараби орталығының ұйымдастыруымен өтуде.

Басылым күні :  12.05.2020