Т.Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған «Білім және психологиялық-педагогикалық ғылым: жүйелілік, сабақтастық, инновациялық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция
Бүгін мамырдың 5-ші жұлдызында академик Т.Тәжібаевтың 110 жылдығына арналған «Білім және психологиялық-педагогикалық ғылым: жүйелілік, сабақтастық, инновациялық» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Төлеген Тәжібаев еліміздегі білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан, педагогика және психология, этнопедагогика мен этнопсихологияның негізін қалаған, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында педагогика кафедрасының ашылуына себепші болған, ұлттық университеттің тарихында ректорлық қызмет атқарған ұлы тұлға, академик, ғалым.
Конференция модераторы ретінде философия және саясаттану факультетінің деканы А.Р. Масаламиова қазақтан шыққан тұңғыш педагогика ғылымдарының докторы, педагогика және психология ғылымдарының негізін салушы Т.Тәжібаевтың елден ерек еңбек жолы мен халқына қалдырған мол мұрасы жайында баяндады. Бір туар ел азаматының сара жолын жас ұрпаққа үлгі ету және де ғалымның хатын өлтірмеу мақсатындағы бұл халықаралық конференцияға еліміздегі бірнеше ЖОО өкілдері, ғалымның қазіргі таңда өмірден өз орын тауып, ерекше ілтипатпен еске алып, алғысын білдірер шәкірттері, министрліктің өкілдері мен мұражай басқармасының өкілі, алыс-жақын шетелдегі көршілес елдердегі әріптестер мен ғалымды үлгі тұтар ізбасарлары қатысты. Алғы сөзді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ–ң Ғылыми–инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Т.С.Рамазанов сөйледі. ҚР БжҒ министрлігінен Ә.Ж.Тойбаев өз құттықтауын арнады. Т.Тәжібаевтың педагогикалық мұралары туралы Қ.Б. Жарықбаев пікір білдіріп, онан соң академик туралы естеліктермен Ж.Туркпенұлы бөлісті.
Конференцияға қатысушылар арасында Т.Тәжібаевтың отбасы мүшелерінің атынан қатысқан педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Б.Д. Садықов «жастайымыздан «болмасаң да ұқсап бақ» деп ағамыздың еңбектеріне сүсініп, өстік, еліктедік, үлгі алдық. Әлі күнге ол кісідей бола алмағандаймыз» деп ағынан жарылды.
Конференция тақырыбы аясында Мәскеу қаласы Ресей халықтар достығы университетінен п.ғ.д., профессор Д.С.Ермаков «Изучение и развитие «гибких» навыков как психолого-педагогическая проблема» тақырыбында баяндамасын оқыды.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінің деканы С.Н. Жиенбаева Т.Тәжібаевтың еңбектеріне ерекше тоқталып, конференция қонақтарына еңбек жолында толағай табыстар тіледі.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайының бас маманы А.Ж. Жабықбаева мұражайдағы Т.Тәжібаев экспозициясы туралы сөз қозғай отырып, ғалымның еңбектерімен қоса дауыс жазбаларының да сақталғанын айтып, конференция қатысушыларын қуантты.
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі З.Б. Мадалиева Т.Тәжібаевтың педагогика және психология ғылымдарының дамуына қосқан үлесін айта келіп, конференцияға қатысушыларды мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар өзінің ізгі тілектерін білдірді.
Конференциямен қоса Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының 80 жылдық мерейтойы да аталып өтті. Конференцияға қатысушылар Т.Тәжібаевтың еңбектерін жан-жақты талдап, академиктің еңбегіне тағзым етті. Кафедра меңгерушісі Н.С.Алгожаева Т.Тәжібаевтың тұлғалық қасиеттерінің ішіндегі менеджерлік қасиетін назарға ала отырып, ғалымның еңбегінің зор екенін мақтанышпен айтты.
Конференцияда педагогика және психология ғылымдарының өзекті мәселелері талқыланды.