"Айналаңды нұрландыр!". Тоқтағали Жангелдин мен Бәтіш Қазыхановаға арналған конференция

            Өмір өнегесі озық, ірі тағдырлы тұлғалардың тындырған кесек-кесек еңбегі туралы толғану – адамдық парызымыз. Ел ардағы, халқының асыл туған перзенті Тоқтағали Жангелдиннің саналы ғұмыры тыңға түрен салған еңбектерімен ерекшеленеді. Ғалымның ерен еңбегі жөнінде айтылар ой мен жазылар дүниелер – телегей теңіз. Сондықтан ұлтына үздіксіз қызмет етудің үлгісі бола білген ғалымның ғибратты ғұмыры жөнінде баяндауды жөн көрдік.

          Ұлтымыздың бір туар дарыны Тоқтағали Жангелдин – мәдениет пен оқу-ағарту саласында тынбай еңбектенген қоғам қайраткері, кісілік пен кішілікті бойына қатар сыйдырған тұғырлы тұлғалардың бірі. Тоқтағали Жангелдин 1916 жылы қасиетті Семей өңірінде өмірге келген.   1938 жылы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдап, педагогикалық қызметке араласқан шағында ел басына күн туған алмағайып заман – Ұлы Отан соғысы басталады. Тоқтағали Жангелдиннің тұлғалық болмысын даралайтын кезең де Отан алдында әскери саптағы ерлігі деп білеміз. Елім деп еңіреген ер 1940 жылы майданға аттанып, артиллериялық взвод командирі болады. От пен оқтың ортасында жанқиярлық ерлік көрсеткен Тоқтағали Жангелдин ауыр жарақат алып, Беларусь қозғалысына партизандар қатарына кіреді. 1944 жылға дейін Борисов қаласы түбінде «Коля атай» бригадасы қатарында болады. Жауынгерлік іс-қимылда тар жерде жол таба білетін ерекше қасиетімен танылған Тоқтағалиды партизандар бригада комиссарының орынбасары етіп тағайындайды. Қан майданда қиын жағдайларға қарамай, қайтпас қайсарлық танытады, өзіне майдандас достар табады. Батыл ерлігі үшін көптеген орден және медальмен марапатталады.

            Соғыс аяқталып, елге оралғанда Тоқтағали Қазақстанның Орталық комитетінде хатшылық қызмет атқарып, еліне еңбегін сіңіреді. Орталық комитет Жангелдинге Мәскеуде жоғары партиялық мектепте білім алуға жолдама береді. Оқуын тәмамдап, Қазақстанның жоғары партиялық мектебіне оқытушы болып орналасады. 1954 жылы Қоғамдық ғылымдар академиясын аяқтап, Мәскеуде философиядан кандидаттық диссертациясын қорғайды. Қазақстан КП ОК ғылым мен мәдениет бөлімі, ғылым мен оқу мекемелері бөлімі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын атқару барысындағы игілікті істері – ұлтымыздың ортақ қуанышы.

            Небары 57 жыл өмір сүрген қысқа ғұмырында туған халқының өркениет өрісіне шығуы бағытында ерен еңбегімен еленген айтулы тұлғаның арда ісі ұрпақ жадында жаңғыратыны кәміл. Тоқтағали Жангелдин Қазақстан ҒА Философия институты директоры қызметін абыроймен атқарып, қазақ философиясын зерттеп, дамыту саласына сүбелі үлес қосады. Қаламгерлігімен қалам қайрап, «Сын сағатында», «Партизан күнделігі», «Сәкен Сейфуллин», «Партизан жорықтары» сынды туындылар, сонымен қатар заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жайлы «Мұхтар Әуезовпен жақын кездескен кездерім» деп аталатын тың естелігін қалдырады.

            Бүгінде өткенге ой тастап, өнегелі ісімен өзек жалғаған ғалымның қысқа ғұмырында мән-маңызға толы ғажайып іс атқарғанын насихаттау – адамдық борышымыз. Осы орайда, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар аясында 2016 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатында тұғырлы тұлға Тоқтағали Жангелдиннің 100 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел мен тарихи көрменің ашылуы болды. Дөңгелек үстелде «Қазақ университеті» баспа үйінде Өнегелі өмір айдарымен жарық көрген «Тоқтағали Жангелдин» атты кітаптың тұсау кесері болып өтті.

            Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты директорының орынбасары Әлімғазинов Қайрат Шәкәрімұлы және ҚР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Ермек Тоқтағалиұлы Жангелдин аша отырып, мұрағатқа алғашқылардың қатарында жеке қорын өткізгендердің бірі Тоқтағали Жангелдин болғанын атап өтті. Кітапқа ғылымның қиын жолын қия баспаған ғалымның қолжазбалары мен күнделік үзінділері, замандастары, туыстары, достарының, жары мен перзентерінің естеліктері енген.

           Дөңгелек үстел жиынына қоғам қайраткерлері, философтар, тарихшылар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің басшылығы, профессор-оқытушылары мен студенттері де қатысты. Кездесуде сөз алғандардың арасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Тамара Сатыбалдина Тоқтағали Жангелдиннің жан-жары, көптеген жылдар бойы консерваторияда үздіксіз қызмет атқарған Бәтіш Қазыханова жайлы естеліктерімен бөлісті. Қазақ мәдениетінің мұрат-мүддесіне жанашырлық танытып, жас оқытушылардың кәсіби ғана емес, адамгершілік тұрғысынан өсуіне де аса мән бергенін айтып өтті. Асыл апамыздың аз ғұмырда бірге отасқан арда азаматының шығармашылығын рухани сергектігі, биік мәдениетімен терең сезініп, әрдайым қолдап, кітаптарының жарық көруіне үлес қосқанын қалың қауымға жеткізді. Шынында да, ардақты анамыздың қырықтан асқан жасында арда азаматынан ерте айырылып, қайсарлығымен қилы тағдырдың қиындығына қарамай, қажыр-төзімімен кісілік қалпын бұзбай, Ермек, Гүлнар, Ерлен атты балаларын өсіре жүріп, ғылымның да ғаламат шуағына бөленгені кімге де болса үлгі еді. Ахмет Жұбановтың жетекшілік етуімен «Қазақ халқының эстетикалық мәдениеті» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, философия, эстетика, қазақ мәдениетінің тарихы мен эстетикасы саласында тынбай ізденіс жасаған ұстаз-ғалымның қыруар, қызу еңбегі адамдарға бағыт берер темірқазық жұлдыз іспеттес екенін жиналған көпшілік жанымен сезіне білді.

        Дөңгелек үстел жиынында философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Серік Нұрмұратов Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтын басқарған басшылардың арасындағы Тоқтағали Жангелдиннің ерен еңбегіне ерекше тоқталып өтті. 1970 жылдардың бас кезінде Философия институтында Фарабитанудың қолға алынып, зерттеу тобының құрылғанын, Ұлы Бабамыздың мұрасын зерттеу ісінің алғашқы іргетасы қаланғанын, ал осы тұрғыдағы ұйымдастыру жұмыстарының басында абзал азамат Тоқтағали Жангелдин тұрғанын атап көрсетті.

     Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Масалимова тұсауы кесіліп отырған кітаптың құндылығын айқындап, байсалды тұжырым жасады. Тағдыр тоғыстырған қос ғалымның өмір өнегесі бүгінде халқының ыстық ықыласына, құрметіне айналды. Адалдықтың тұнығынан нәр алған қос ғалымның ғұмырынан кейінгі ұрпақ тағылым алып, ой-таным қалыптастыратынына сеніміміз мол.

                                                                       Әсет Құранбек,ф.ғ.к., доцент

Басылым күні :  02.12.2016