"Философия" пәні бойынша Олимпиада

       2016 жылдың 29 наурызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Философия» пәнінен дәстүрлі республикалық Олимпиада өтті. Биыл оған қатысушылар саны өсіп, университет командаларынан басқа Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (жетекші – философия және психология факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор деканы Кәріпбаев Б.Ы., Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекаралық қызмет Академиясының (жетекші – философия ғылымдарының докторы, профессор Молтобарова К.Е.), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің (жетекші – философия ғылымдарының кандидаты Шалдарбекова А.Б.), Қазақстан-Ресей медициналық академиясының командалары қатысты.

Қалыптасқан дәстүр бойынша Олимипада елімізге белгілі философтың Көшбасшылық дәрісінен басталады. Бұл жолы оны Молтобарова К.И. оқып, қатысушыларға қазіргі заманғы руханилық туралы ойларын терең  де түсінікті түрде баяндады. 

     М.Әуезов адамның жүрегін ағартатын ғылым деп атаған философияға қызығушылық  танытқан жастар еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына, биыл ЮНЕСКО аясында аталып өтетін Қожа Ахмет Йассауи  және Әлихан Бөкейханов жылына орайластырылып құрастырылған командалық және жеке жарыстарға белсене қатысып, интеллектуалдық ойлаудың биік дәрежесін көрсетті. Әсіресе, командалардың  өздерін видеоролик, өлең, ән  арқылы таныстыруы, философияның тарихы мен негізгі салалары бойынша қойылған тосын сұрақтарға мазмұнды жауап беруі  өте қызықты болды. Даналық бәйгесінің әдеттегідей тартысты өткеніне қарамастан, жастар өздерінің философтарға тән тұлғалық жоғары мәдениетін өте жақсы байқатқанын атап өту керек. Олимпиаданың университетіміздің классикалық университеттер кітапханаларының ең үздік үлгілеріне сай салынған Ғылыми кітапханасы Ғалымдар Клубының әсем ғимаратында өтуі де студенттердің бойында осы ғылымға деген құштарлықты күшейте түскені сөзсіз.

    Еліміздің белгілі философ ғалымдарынан құрылған қазылар алқасы олардың білімдерін әділ бағалап, сертификаттар, әлем және қазақ  философтарының кітаптарын сыйлады. Студенттер мен команда жетекшілері Олимпиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған Философия кафедрасының ұжымына алғыстарын айтып,   философияны көркейту жолында ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.

 

 

 

Басылым күні :  03.04.2016