"Алаш Орда: саясат және ақиқат"

   Наурыз айының бесі, яғни Әлихан Бөкейхановтың туылған күнінде (5 наурыз 1866 жыл) «Кіші Фараби» академиясының ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығына арналған «Алаш Орда: саясат және ақиқат» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған шараға белгілі алаштанушы, т.ғ.д., профессор – Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев, ҚР-дағы жаппай қуғын сүргінге ұшырағандарды толық ақтау комиссиясының төрағасы, қоғам қайраткері – Жұмабек Ашуұлы, тарихшы, алаштанушы – Сабырхан Смағұлов, кафедра оқытушылары мен студенттер қатысты. Мәмбет ағамыздың мазмұнды баяндамасында «Алаш» қозғалысының ерекшелігі, маңызы, бұл қозғалыс көтерген мәселелердің қазіргі уақыттағы өзектілігі туралы айтылды.

          Сабырхан Смағұлов өзінің «Ә. Бөкейханов – жер және дін жөнінде» атты баяндамасында жердің қазақ үшін маңызы туралы, «Алаш» бағдарламасындағы жерді тартып алуды тоқтату туралы, жер иесі қазақ халқы, оны сатуға болмайды деген идеялары бүгінге дейін өзекті екенін жастарға түсіндірді. Сабырхан ағамыз сөзін Ахмет Байтұрсыновтың ғибратты ойымен аяқтады: «Біз алдыңғы қатарлы елдерге қосылу үшін, біріншіден білімді, екіншіден бай, үшіншіден күшті болуымыз қажет. Ал оған жетудің жолына келер болсақ, білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіп керек, күшті болу үшін бірлік керек!».

Басылым күні :  25.05.2021