«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет
27 мамыр, 2011
«Бекмаханов оқулары» басқаша өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті Бекмаханов оқуларын өткізудің қалыптасқан жүйесінен бас тартып, оны жаңа сипатта ұйымдастыруды көздеп отыр.
Өйткені, біріншіден, уақыт талабына және «Ғылым туралы заңға» сай Республика бойынша білім беру және мамандар даярлаудың жаңа жүйесіне көшуі кәсіпқой тарихшылардан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған Қазақстанның тарих ғылымын түбегейлі қайта құру арқылы қазіргі эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге көтеру де кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Үшіншіден, уақыт бізден замануи талапқа сай келетін тарихшы зерттеушілердің жаңа буын өкілдерін, яғни теориялық дайындығы терең кәсіби мамандар даярлауды қажет етіп отыр. Осылар және басқа да факторлар бізден ғылыми конференциялар өткізудің жаңа және тиімді жолдарын іздестіруді талап етеді.
Кезекті Бекмаханов оқуларын жаңаша өткізудегі мақсат, тарих ғылымының ең өзекті бірнеше макропроблемалары бойынша еркін пікір алмасу арқылы, бүгінгі Қазақстан тарих ғылымының реальды жағдайы мен нақты теориялық-методологиялық проблемаларын айқындау және мүмкіндігінше оларды шешу жолдарын іздестіру.