"Айқын" Республиканская общественно-политическая газета

31.05.2011

Просмотров: 2318

Қарашаңырақта түлектер бас қосты

31.05.11.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қабырғасында алғаш рет «ҚазҰУ түлектерінің күні» ұйымдастырылды. Бұл мейрам жоғары ғылыми мектепте білім алған мыңдаған түлектің басын қосып, топтастарымен қауышып, дәрісханаларына қайта кіріп, сағыныштарын басуға мүмкіндік берді.

Мерекенің салтанатты ашылуында университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов жиналған түлектердің барлығын мерекемен құттықтады.
- Қоғамда кәсіби мерекелер жетерлік. Солардың қатарына бүгін тағы бір мереке қосылып отыр. Ол - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің күні. Әлемдік университеттер тәжірибесіне үңілетін болсақ, жоғары оқу орындарының дамуына үлкен үлес қосатын бірден-бір қозғаушы күш - сол университеттің түлектері екен. Бұл мереке университет күнтізбелігінде, қара шаңырақ тарихында алтын әріптермен белгіленетіні сөзсіз. Мереке университет түлектеріне деген үлкен ықыласты танытады. Біз жақсы дәстүрді бастап отырмыз, алда да жалғасын табады, - деді ректор Ғалымқайыр Мұтанұлы.
Киелі білім және ғылым ордасының басшысы университет түлектеріне қашанда есік ашық екендігін айтып, оларды өздерінің төл университетіне жиі келіп тұруға шақырды. Одан кейін сахнаға ҚазҰУ түлектері қауымдастығының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, ҚазҰУ заң факультетінің 1979 жылғы түлегі, факультет деканы Дәулет Лайықұлы ҚазҰУ түлектер қауымдастығының атқарған қызметтерімен таныстырып өтті. Баяндамадан белгілі болғандай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері де өз деңгейінде төл университеттеріне қолдау көрсетіп жүреді.

Сонымен қатар қалашықтағы Ө.Жолдасбеков ескерткіші де түлектер қолдауының нәтижесі екендігі айтылды.
Бұдан кейін университеттің әр жылғы түлектері өз естеліктері мен қара шаңыраққа деген жылы лебіздерімен бөлісті. Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжағали Сағадиев: «ҚазҰУ бізге халыққа адал қызмет етуді үйретті. Университеттен алған тәрбие ой-санамызды бекітті. Мансапқа, қызметке жетуіме ашылған жол - ҚазҰУ білімімен келді. Бұл мереке арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда. Бұл өте орынды мереке», - дей келе әлі күнге дейін қызығы мен шыжығы мол студенттік шақ және ұстаздар ұлағаты есінде екендігін айтып, өз төл университетіне арнайы алып келген қонақкәдесімен бөлісті. «Менің университетке деген алғысым шексіз. Осы орайда «ҚазҰУ түлегі күніне» арнайы сыйлығымды ала келдім. Менің атымнан он жыл қатарынан, жыл сайын университеттің ең озат студенттеріне 5 стипендия ұсынып отырмын», - деді депутат Кенжеғали Сағадиев. Аға буын алғыстарынан кейін білім, спорт, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми жұмыста өзін жан-жақты көрсете білген студенттер «Университеттің оқу озаты», «Студенттік өзін-өзі басқарудың көшбасшысы», «Зерттеуші - жас ғалым», «Үздік көркемөнерпаз» және «Үздік спортшы-түлек» дипломдарымен марапатталды. Университетті биыл тәмамдағалы отырған түлектер сөз алып, қимай қоштасатындықтарымен бөлісті. Салтанатты шара Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертіне ұласты.


Мәдина ҚАРАМАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 1-курс студенті