"Айқын" Республиканская общественно-политическая газета

25.05.2011

Просмотров: 2393

Ғалым. Ұстаз. Жігіттің Сұлтаны

Жер жаннаты Жетісу өңірінде дүниеге келгенде ата-анасының қуанышы қойнына сыймай оның атын Сұлтан деп қойған екен. Сонда әкесі Төлеухан мен анасы Сақыпжамалдың ойы мен тілектері осы бала өсіп, дамып, ер жетіп, жолдастарының алды болып, елінің құрметіне бөленіп, «жігіттің Сұлтаны» болсын деген армандары болуы керек. Сол тілектері орындалғандай...

Тағдырдың көрсеткен жолының жақсылығы шығар, Сұлтан 1958 жылы Алматы облысындағы Кеңес Одағының батыры Мұсабек Сеңгірбаев атындағы мектептің есігін ашып, 1968 жылы «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Сұлтан 1968 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің биология факультетіне келіп оқуға түседі. Осы оқу орнын 1973 жылы үздік дипломмен бітіріп, ғылымға бетбұрыс жасайды.
Ғылымға деген қадамын университеттің қабырғасында, жаңа ғана іргесі қаланған Биофизика кафедрасына стажер-зерттеушіліктен бастайды. Ол жерде екі жылдай, ғылымның қыр-сырымен, зерттеу әдіс-тәсілдерімен танысқаннан кейін 1975 жылы аспирантураға түсіп, сол кездегі кафедра меңгерушісі, осы биофизика саласынан ғылыммен айналысып жүрген, биология ғылымдарының докторы Инюшиннің жетекшілігімен жұмысын бастайды. 1981 жылы «Адам және жануарлар тері беткейіндегі биологиялық нүктелердің оптикалық және электрлік белсенділігінің тәуліктік өзгерісі» деген тақырыпта биология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын қорғайды.
Ғылымның әдіс-тәсілдерін толық игерген Сұлтан ғылым дәрежесінің жоғарғы шыңына жетуге ұмтылады. Сөйтіп, 1997 жылы «Адам мен жануарлардың биобелсенді нүктелерінің хронофизиологиялық мәні недеген мәселені дәлелдеп, биофизика мен физиология ғылымы саласында биология ғылымдарының докторы деген атаққа ие болды.
Сұлтан Төлеуханов ғылым саласында зерттеу жұмыстарын одан әрі дамытты. Білім және ғылым министрлігінде іргелі бағдарлама бойынша «Қоршаған ортадағы стресс факторлардың ағзаның маңызды мүшелеріне әсерінің хроноқұрылымдық параметрлерінің көрсеткіштері» деген жобаға ғылыми жетекшілік жасай отырып, көптеген мәселелердің қыр-сырын ашып көрсетеді. Осы ғылыми еңбектің нәтижесі бойынша теориялық және практикалық жағынан мынадай тұжырымдамалар жасалынды: адамдардың қалыпты күйінде жүрек жұмысының тәуліктік ырғағындағы өзгерістеріндегі маусымдық ерекшеліктері анықталды, жүректің жиырылу жиілігінің тәуліктік ырғағының акрофазасы көктем-күз айларында 16.00 сағатта, ал жаз айларында 17.00 сағатта байқалатындығы көрсетілді.
Төлеуханов физиология және биофизика саласында ғылыми зерттеу жобаларына басшылық ете отырып, гипоксия, гипокинезия, гипер және микрогравитация жағдайларына адам мен жануарлардың бейімделуі, адам мен жануарлардың биоактивті нүктелері мен қимыл-қозғалысының биодинамикасын, биологиялық жүйенің уақытқа сай ұйымдастырушы мәселелерінен ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге жетті.
Сұлтанның еңбегінің ең маңызды да, ауқымды нәтижесі, оның басшылық етуімен 15 шәкірті ғылыми дәрежеге ие болды, оның ішінде үш доктор (PhD) - Египет, Қытай елдерінен келген жастар. Осы жоғарыда айтылғандар ғалым ретіндегі еңбектерінің жемісі деп айтуға тұрады. Ал ұстаздық өміріне көз жіберсек, 1982 жылдан аға оқытушы қызметінен бастап профессерлік лауазымы аралығында қаншама жастарға білім, тәрбие бергенін саусақпен санап көрсету мүмкін емес. Бұл студенттерге арнап 6 оқулық, 11 оқу-құралы, 11 оқу-әдістемелік құралдар мен нұсқаулар, оның ұстаздық жолында жасалынған еңбегінің жемісі.
Сұлтан Төлеуханұлының осы жасқа келгенге дейінгі басқа да атқарған жұмыстарының өзі бір төбе. 1989 жылдан биология факультеті деканының орынбасары, 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры, одан кейін, Университет жанындағы биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директорлығын 2000 жылға дейін атқарады. 2002-2010 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ҚР Жоғары оқу орындарының оқытушыларының білімін көтеру институтының директоры, ал 1999 жылдан осы уақытқа дейін адам және жануарлар физиологиясы мен биофизика кафедрасының меңгерушісі қызметін басқарып келеді.
Осы еңбектерінің нәтижесі университет, республика деңгейінде бағаланып, Сұлтан Төлеуханұлы «Қазақстан Конституциясының 10 жылдығы» белгісімен, «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үздік оқытушысы» белгісімен, «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» деген медалімен, екі мәрте Қазақстан Республикасының Ғылымы мен техникасының дамуына ғалымдардың қосқан үлесі үшін берілетін мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері деген атақтарымен, 2009 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Республика, университет деңгейінде қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып, жоғары биіктерден көрініп келеді. Оның дәлелі Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті, Білім және ғылым министрлігінің жанындағы биология ғылымының сараптау комиссиясының мүшесі, БжҒ министрлігіндегі ғылыми дәреже және атақ беру бақылау комитеті Президиумының мүшесі, Білім және ғылым министрлігі жанындағы ғылым және білімін бақылау Комитетінің, БжҒ министрлігінің жанындағы жоғары ғылыми техникалық кеңестің сараптаушысы, жоғары оқу орындарын бақылау және аттестациялау Комиссиясының төрағасы. Республика деңгейінде шығатын бірнеше ғылыми журналдардың редколлегия мүшесі. Оның ғылыми еңбектерінің нәтижесі Халықаралық деңгейлерде өтетін симпозиумдар мен конференцияларда баяндалып, дүниежүзіне танылды. Оған куә, осы уақытқа дейін көптеген елдердің (Ресей, Египет, Пәкстан, Германия, Канада, Эквадор, АҚШ, Испания, Англия) ғалымдарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен тығыз байланыстары жалғасып келеді.
Осындай абырой мен құрметті атақтарға Сұлтан Төлеуханұлы өзінің еңбекқорлығымен, жан-жақты ізденімпаздығымен, инабаттылығымен, парасаттылығымен жетті. Өмірде, отбасында, жұмысында, барлық уақытта кішіпейіл, абыройы жоғары, келбеті мен сымбатына қарап оны «Жігіттің Сұлтаны» деп айтуға толық құқығымыз бар.


Н.ТОРМАНОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, биология факультетінің адам және жануарлар физиологиясы мен биофизикасы кафедрасының профессоры