"Айқын" Республиканская общественно-политическая газета

27.05.2011

Просмотров: 2218

«Бекмаханов оқулары» басқаша өтеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті Бекмаханов оқуларын өткізудің қалыптасқан жүйесінен бас тартып, оны жаңа сипатта ұйымдастыруды көздеп отыр.

Өйткені, біріншіден, уақыт талабына және «Ғылым туралы заңға» сай Республика бойынша білім беру және мамандар даярлаудың жаңа жүйесіне көшуі кәсіпқой тарихшылардан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған Қазақстанның тарих ғылымын түбегейлі қайта құру арқылы қазіргі эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейге көтеру де кезек күттірмейтін мәселе болып табылады. Үшіншіден, уақыт бізден замануи талапқа сай келетін тарихшы зерттеушілердің жаңа буын өкілдерін, яғни теориялық дайындығы терең кәсіби мамандар даярлауды қажет етіп отыр. Осылар және басқа да факторлар бізден ғылыми конференциялар өткізудің жаңа және тиімді жолдарын іздестіруді талап етеді.

Кезекті Бекмаханов оқуларын жаңаша өткізудегі мақсат, тарих ғылымының ең өзекті бірнеше макропроблемалары бойынша еркін пікір алмасу арқылы, бүгінгі Қазақстан тарих ғылымының реальды жағдайы мен нақты теориялық-методологиялық проблемаларын айқындау және мүмкіндігінше оларды шешу жолдарын іздестіру.

Барлық иллюзиялардан, дәлірек айтқанда, өзімізді өзіміз алдаудан бас тартып, Қазақстан тарих ғылымының нақты реальды жағдайын анықтап алмай, тарих ғылымын өз дәрежесінде дамыту мүмкін емес. Ал, ғылымның земануи жетістіктеріне сай дамыған тарих ғылымынсыз танымдық әлеуеті мол, ұлттың жады міндетін атқара алатын, жүйелі де объективті қазақ тарихының жазылуы да мүмкін емес. Оның заңдылық екендігін уақыт толығымен дәлелдеп берді.

- Мәселенің ұлт тағдыры үшін аса маңыздылығын ескере отырып, ұйымдастыру алқасы қазақ тарихы, Қазақстанның тарих ғылымы туралы пікір айтамын деген тарихшы мамандарды және басқа да ұлт тарихының жанашырларын Қазақстанның тарих ғылымының бірнеше макропроблемаларын бірігіп талқылау мақсатында пікір алмасуға шақырады.

Мәселенің аса маңыздылығына және қойылып отырған проблемалардың күрделілігіне байланысты біз Бекмаханов оқуларына үлкен дайындықпен келу қажет деп білеміз. Оған Алматы қаласының тарихшы ғалымдары мен БАҚ және жұртшылық өкілдерін шақырып кең көлемде пікір алмасу қажет. Пікір алмасуға шетел ғалымдары да қатысады, - дейді басқосуды ұйымдастырушылар.

Еркін Қалдан