"КазИнформ" Национальное информационное агентства

30.05.2011

Просмотров: 2194

ҚазҰУ-де Түлектер күні атап өтілуде

АЛМАТЫ. 28 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектерінің күні аталып өтілуде.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түлектер қауымдастығы әр жылдағы университет түлектерін 28 мамырда ҚазҰУ қалашығында өтетін жалпы университеттік Түлектер күніне шақырған.

Еліміздегі беделді жоғары оқу орнының тарихында бұл тағы бір тың бастама болып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен бұл мереке жыл сайын мамыр айының соңғы сенбісінде дәстүрлі түрде тойланбақ.

Мерекелік жиынға келгендер алдымен әл-Фараби мен Ө.Жолдасбеков ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Студенттер сарайында Түлектер күнінің салтанатты ашылуын ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Сондай-ақ салтанатты ашылу барысында үздік түлектер марапатталып, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің концерті болды. Одан кейін түлектер өз курстастары және топтастарымен кездесіп, аудиторияларға бас сұғып, студенттік өмірдің қызықты сәттерін естеріне алды, жаңадан салынған оқу ғимараттарын тамашалап, ҚазҰУ тарихы мұражайымен танысты.

Сондай-ақ әр факультетте жеке бағдарламалар ұйымдастырылған. Мерекелік кеш сағат 19.00-де ҚазҰУ қалашығының Бас алаңында бірінші рет өтетін Түлектер балымен қорытындыланбақ.

Аға буын алғыстарынан кейін білім, спорт, шығармашылық, қоғамдық және ғылыми жұмыста өзін жан-жақты көрсете білген студенттер «Университеттің оқу озаты», «Студенттік өзін-өзі басқарудың көшбасшысы», «Зерттеуші - жас ғалым», «Үздік көркемөнерпаз» және «Үздік спортшы-түлек» дипломдарымен марапатталды. Университетті биыл тәмамдағалы отырған түлектер сөз алып, қимай қоштасатындықтарымен бөлісті.

«Қоғамда кәсіби мерекелер жетерлік. Солардың қатарына бүгін тағы бір мереке қосылып отыр. Ол - «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегінің күні». Әлемдік университеттер тәжірибесіне үңілетін болсақ, жоғары оқу орындарының дамуына үлкен үлес қосатын бірден-бір қозғаушы күш - сол университеттің түлектері екен. Бұл мереке университет күнтізбелігінде, қара шаңырақ тарихында алтын әріптермен белгіленетіні сөзсіз. Мереке университет түлектеріне деген үлкен ықыласты танытады. Біз жақсы дәстүрді бастап отырмыз, алда да жалғасын табады», - деп атап өтті өз сөзінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы.

Бұл күні ҚазҰУ қалашығында университеттің әр жылғы түлектері бас қосып, студенттік шақтың қызықты сәттерінен сыр бөлісті. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов бастаған бұл топтың қатарында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, 1951 жылғы ҚазҰУ түлегі Кенжағали Сағадиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов және Алматы қаласының прокуроры Әмірхан Естаев сонымен қатар бірнеше зиялы қауым өкілдері бар