«ЗАМАН. ҚОҒАМ. ТАРИХШЫ» атты КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ

17.10.2022

Көрулер: 850

 

М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстандық филиалының профессоры, т.ғ.д. Оразбаева Алтайы Иранбекқызының «ЗАМАН. ҚОҒАМ. ТАРИХШЫ» атты

КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІСІ

 

2022 жылдың 14-қазан күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасы ұжымының ұйымдастыруымен «Заман. Қоғам. Тарихшы» атты Көшбасшылық дәріс өтті. Дәрісті М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстандық филиалының профессоры, т.ғ.д. Оразбаева Алтайы Иранбекқызы оқыды.

       Дәріске Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., қауымдастырылған профессор Д.С.Байгунаков, факультеттің профессор-оқытушы құрамы, докторанттар мен магистранттар, студенттер қатысты.

Дәріс барысында танымал ғалым А.И. Оразбаева бүгінгі қоғамдағы тарихшы бейнесін, оның ғылыми орнын нақтылай келе өзінің ғылымға келудегі өмір жолын, ғылыми еңбектері мен зерттеулерін жас ғалымдарға танысытырып, жүргізіп жатқан ғылыми бағыттары туралы ойларын ортаға салды. Ғалымның көп жылғы ғылыми- зерттеу нәтижелері бойынша жарыққа шыққан еңбектерінде көтерілген мәселелер талқыланды (2017. Формула государственности казахов. Оразбаева Алтайы. место издания: Press-book Москва, ISBN 978-5-9500612-3-3, 376 с. 2005. Цивилизация кочевников евразийских степей. Оразбаева А.И. место издания: Дайк-Пресс Алматы, 308 с. 2004. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. Оразбаева А.И. место издания: Дайк-Пресс Алматы, 2006), мемлекеттіліктің сипаты, саяси құрылымы мен мемлекеттік билік институттарының тарихи бастауларына қатысты тұжырымдар мен талдауларға назараударды.

       Дәріс барысында қазіргі жаҺандық, отандық денгейде болып жатқан іргелі үдерістер біздің қалыптасуымызға қалай әсер етіп жатқандығы, бүгінгі тарихшының келбеті қандай, тарих ғылымында қандай ерекшеліктер болып жатыр, мазмұны, логикасы, оның әдіс құралдары, әдістемесі, ілімдік негіздерінің сабақтастығы туралы жан-жақты тоқталып өтті.

           Бүгінгі жастардың сапалы білім алып, білікті маман болып қалыптасуына, дұрыс ұйымдастырылған оқу процесімен тікелей байланысты екендігін аңғартты. Білім беру барысында оқытудың әдіс-тәсілдерін формаларын орынды қолдана білу нәтижесінде ғана қоғамымызда болашағынан мол үміт күттірер білімді жастардың қалыптасып келе жатқандығына назар аударды.

Дәріс соңында қатысушы профессор-оқытушылар мен жас ғалымдар тарихшы-ғалым т.ғ.д., профессор А.И.Оразбаевамен сұрақ-жауаптар алмасып, қызықты пікір-таластар жүргізді. Болашақта зерттеушісін күтіп тұрған тың ғылыми тақырыптар ортаға салынды.

Жалпы Көшбасшылық дәріс өте жоғары деңгейде өтті.

Тарих факультінің ұжымы Алтайы Иранбекқызына алдағы ғылыми ізденістер жолында қажымас қайрат тілей отырып, факультет түлегі ретіндегі аса қамқорлығына алғысын білдіреді.