Факультет туралы

     ТАРИХ   ФАКУЛЬТЕТІ

 

   80-жылдан аса тарихы бар ҚазҰУ-дың құрылғаннан күнінен бастап  тарихшыларды дайындау мәселесі аса өзекті болды. 1934 жылдың 17 сәуірінде  ҚазМУ-дың Ғылыми кеңесінде тарих факультетін құру шешімі қабылданып, оны РКФСР Халық ағарту комиссариаты бекіткен болатын.

   Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында ҚазМУ-дың бастамасымен және академик А.Н. Панкратованың қолдауымен Қаз КСР Халық ағарту комиссариатының шешімімен 1943 жылы қыркүйек айында филология факультеті тарих-филология факультеті деп қайта құрылды. 1948 жылы 6 қаңтарда Жоғары білім беру министрлігінің №19 бұйрығына сәйкес тарих бөлімі жеке факультет ретінде құрылды.

   1948 жылы 1 қыркүйектен бастап тарих факультеті өз жұмысын бастады. Осы жылдары факультетте 300 жуық адам білім алды.

    ҚазКСР ҒА тарих және археология институты, Қазақстан КП ОК жанындағы партия тарихы институты, Қаз КСР мемлекеттік архиві, мемлекеттік облыстық және партия архиві, орталық және облыстық музей қызметкерлерінің басым көпшілігі ҚазМУ-дың тарих факультетінің түлектері болды. С.Н. Покровский, Е.Б. Бекмаханов, Я.Д. Серавайский, Н.Н. Даулбаев, М.Б. Ахинжанов, А.А. Горячева, К.П. Коржева, А.Н. Зайкин, Л.С. Фришман және т.б. бастаған ОПҚ-ның факультет өміріндегі рөлдері жоғары болды.

   КСРО Жоғары және орта арнайы білім беру министрлігінің 1958 жылы 21 мамырдағы бұйрығымен алғашқы Қазақ КСР тарихы кафедрасы құрылды. Кафедраның ұйымдастырушысы мен 1966 жылға дейінгі басшысы, белгілі ғалым, Қаз КСР ҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б. Бекмаханов болды.

Тарих факультеті базасында қалыптасқан бүгінгі таңдағы философия және саясаттану, шығыстану, халықаралық қатынастар факультеттері әр жылдары жеке бөлініп шықты.

Тарих факультетінде – Қазақстан тарихы, шет елдер тарихы, археология және этнография, мұрағаттану және музей ісінің теориясы мен практикасы, Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша өзіндік ғылыми мектеп қалыптасты.

   Кезіндегі тарихшы-студенттер, бүгінде елімізге танымал тұлғалар негізін қалаған аспаптық-вокальді ансамбль, саяси сатира театры, атақты «Жеті муза» ұйымдары елімізге танымал болды. 2017 жылға дейін факультет 10 мыңнан астам студент, жүздеген магистрант шығады және көптеген PhD докторларды дайындады. Бүгінде факультетте халықаралық және республикалық маңызы бар ғылыми-зерттеу жобалары, шет елдік жетекші оқу орындарымен бірлескен қосдипломды білім беру (Италия, Ресей) бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.

   Бакалавриат, магистранттар және PhD докторанттардың ғылыми-зерттеу қызметінде, теориялық және практикалық дайындаудың барлық қырларын қамтамасыз ететін, қазіргі заманғы талаптарға сай 5 республикалық ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді.

   Факультеттің түлектері Қазақстанның түрлі аймақтарында қызмет атқарып жүрген ғылыми, саяси және іскерлер элитасын құрайды.