ТАРИХ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ WWW.JOKTAU.KZ САЙТЫН ҚҰРАСТЫРУҒА ҚАТЫСАДЫ

20.09.2022

Көрулер: 918

2022 жылдың 13-ші қыркүйегінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің студенттері, магистранттары және докторанттары белгілі қоғам қайраткері және баспагер, «Арыс» қорының Президенті, «Әділет» ҚҚ Төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнеспен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарды жаңа мұрағат материалдарымен таныстыру және болашақ мамандарды өткен ғасырдағы Қазақстан тарихының алуан түрлі мәселелеріне қызығушылығын ояту. Кездесу барысында Ғ.Әнес мырза қазақ зиялыларының мұрасын зерттеу тәжірбиелерімен, материалдарды жариялау, т.б. мәселелермен бөлісті. Оның айтуынша: ХХ ғасырда орын алған төңкерістер, Азаматтық соғыс, ашаршылық, репрессия, Екінші дүние жүзілік соғыс зардаптары мен өзге де маңызды жайттар қазақстандықтардың әрбір отбасын шарпып өтті, сол себепті осы жағдайларды жадыда сақтап қалу ата-баба рухына деген құрмет іспеттес. Сан алуан тағдарлардың жай-жапсарын мәңгілікке сақтап қалу мақсатында Ғ.Әнес мырза «Жоқтау» (www.joktau.kz) атты жаһандық сайт құрастырмақ және де оның жұмысына волонтер-студенттерді қатыстырмақ ниетте екенін айтты. Өз кезегінде тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Досбол Сүлейменұлы Байгунаков былай деп ойымен бөлісті: сайтты құрастыру барысында әрбір студент үлкен тәжірбие жинақтайды, оның материалдарды танудағы зерттеушілік қасиеттері мен дағдылары қалыптасады. Бұл – дуалды білім алу іспеттес дүние және де болашақ мамандарға өте пайдалы болады, себебі олар дереккөздерімен жұмыс істеуге машықтанады. Кездесу соңына қарай білімгерлер сайтты құрастыруға ынта-жігер танытты және волонтер ретінде жұмыс істеуге деген ықыластарымен бөлісті. Әсіресе «Жас мұрағатшы», «Еуразия өркениеті», «Мұратану», «Документум», «Жас тарихшы» секілді бірнеше студенттік үйірмелердің мүшелері қызығушылық білдірді.