«Креативті PR-маманы» атты студенттер олимпиадасы өтті

04.05.2023

Көрулер: 761

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша «Креативті PR-маманы» тақырыбында пәндік олимпиада өтті. Шараның мақсаты: қоғаммен байланыс мамандықтарының сапасын арттыру және талантты, білімді, үздік студенттерді анықтау. Сонымен қатар студенттердің өзіндік креативті ойлау қабілетін арттыру, ақпарат ғасырына бейімделген болашақ журналистер мен PR мамандарының жаңа медианы меңгеру деңгейін анықтау болды.

Шараның ашылу салтанатында журналистика факультетінің деканының ғылыми-инновациялық жұмыс орынбасары Мысаева Қ.Н. қатысушыларға білім сайысында сәттілік тіледі.

Олимпиадаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Алматы менеджмент университеті, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен студенттер қатысты.

Бірінші кезеңде қатысушылар «PR теориясы мен практикасы», «Қоғаммен байланысқа кіріспе» пәндері бойынша тест тапсырды.

Екінші кезеңде әр топ өздерін және оқу ордаларын таныстырған соң, «Жеке бренд» PR жобаларының нәтижелерін ұсынды. Бұл кезеңде жобаның негізгі объектісіне, таңдап алған PR технологияның тиімділігіне, SWOT- талдау нәтижелеріне мән берілді. Сонымен қатар «Дағдарысқа қарсы PR» бойынша кейстер шешті. Студенттер тек теориямен шектелмей, тәжірибелік тапсырмаларды орындап, сахнада презентацияларын қорғап, көрермен көңілінен шықты.

Байқауда әділ-қазылар алқасының төрағасы, белгілі PR маман, АҚ «Қазақстан тұрақты қоры» қоғаммен байланыс менеджері – Айбар Олжай және мүшелері AlmaU университеті аға оқытушысы, қоғаммен байланыс маманы – Салтанат Бердикулова, RAMS маркетинг компаниясының директоры – Адилбек Махмет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушылары, Абай Садуакасов және Баян Мусаева болды.

Барлық кезеңнің нәтижелерін саралай келе, жүлделі 1-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері иеленді. 2-орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматы менеджмент университеті, ал 3-орын академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне бұйырды.

Байқаудың жабылу салтанатында ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Шыңғысова Н.Т. сөз сөйлеп, барша қатысушыларға және жетекшілерге алғысын білдірді. «Байқауда бақ сынаған студенттердің барлығы талантты, дарынды студенттер екенін байқадық. Өмірде жолдары ашық болсын! Қатысушылардың достығы ажырамасын!» деп тілегін айтты.

Байқауға қатысушыларға арнайы кампус тур ұйымдастырылды. «ҚазҰУтарихы» мұражайын, «Әл-Фараби» мұражайын және кітапханасын, «Керемет» қызмет көрсету орталығын аралап, шағын қалашықтың тыныс-тіршілігін сезінді. Бұл шара жастардың идеяларын жүзеге асырып, бір-бірімен мықты коммуникация орнатуға мүмкіндік болды. Ары қарай үлкен өмірде тәжірибе болары анық.

 

 

Әлімжанова А. Б.,

ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, PhD.