Абай әлемдік мәдениеттің тұлғасы

12.04.2021

Просмотров: 23239

Абай әлемдік мәдениттің тұлғасы . Ол жалғыз мәденитеттің ғана емес бүкіл қазақ жұртының жүрегі мен иманында сақталған ірі тұлға. Абайды жәй сөзбен сипаттай салу- ол үлкен бір надандықтың белгісі. Себебі, Абай қара қазаққа кезіндегі надан халыққа мәңгі есте қаларлықтай сана сезіміне білім орнатты. Сол замандағы халықтың жалқаулығы мен енжарлығын, санасыз бен сауатсызын , менмендік пен мансапқорлығын , халық арасындағы рухани азғындықты өз шығармаларында сөз етіп, ауыр болса да оларға жеткізуге тырысты. Және жеткізді .

Абай Құнанбайдың ұлы. Әкесі секілді ол да бір ауылды билеп - төстеп отыруына болатын еді. Бірақ, Абай халқының қамын жеп, олардың надан болып, нағыз адам ретінде қалыптасып кете алмай қалатындығына қам жеп, өзінің қара да дара сөздерімен халықын білімге , өнегеге жетелеген дана жан.

Абай дана , Абай дара қазақта,

Жоқ қой бұндай мына әлемде, ғажапта.

Асқақтаған даңқы әр кез әлемге,

Кім білмейді ұлы Абайды қазақта?

Осындай өлең шумақтарымен Абайды әр кез насихаттауымыз - бұл қанымызға сіңген даналық . Халқымыздың осындай маңдайына біткен ұлы тұлға перзенті жадымыздан еш ұмытылған емес. Оның бізге мұра болып қалған еңбектері санамыздан өшпес , жүрегімізден сөнбес, біз үшін ешқашан таусылмайтын , бітпес асыл рухани мұра. Абай тек халықтың надандығын емес, сонымен қатар көзі қарақты жастарға салт пен сананы, дін мен дәстүрді, өркениетке жетелеп, қараңғылықтан шығарар білім мен тәрбиені түсіндірген. Жалпы, адамзат ойының асқақ шыңын бағалайтын асқар тұлға Абай тағылымы жылдан жылға, ғасырдан ғасырға көздің жауын алатын асыл жауһардай күн өткен сайын одан әрімен жарқырай түсуде.

Ұлт мақтанышы, кемеңгер ақын Ислам дінінің барша қағидаларын құрметтейтін діни отбасында тәрбиеленгені бесенеден белгілі. Абай кемелдікке жеткен шағында Тәңіріні тануды ең бастысы санап, осы мәселелерді толықтай танып білуге ден қойған болатын. Абайдың білуінше Тәіңрге деген сенім адамның адамдығының күллі махаббат пен әділет сенімінің қайнары.

Абайдың иман туралы танымына тоқтала кетейік:

Иманның екі түрі болады: біріншісі ақылмен илану, екіншісі біреуге еріп илану. Бұл ақылмен илану- дегеніміз сенушілік яғни, жүрегінде құдайы бар адам. Ал біреуге еріп илану- деп отырғанымыз діншілдік. Жалпы қазіргі заманның көрермендеріне ұғымдырақ болу үшін ақын өзінің 12 және 13 қарасөздерінде атап

өткен. Абай дін насихаттаушы емес, Алланы танушы және оның хикметін зерттеуші хакім. Хакім Абай деудің жөні де осы болар. Абайдың діні сыншыл ақылының діні. Абайдың исламның бес парызын орындап , діннің түпкі мағынасын жаңғыртуы осыған дәлел. Жалпы Абайдың діндегі мақсаты адам баласына Жаратушыны таныту және сол арқылы адамзатты бір бүтін, бір бауыр қылу болатын.  

Абайдың дінді адамгершілік тәрбиеде пайдаланғандығы туралы Мұхтар “ .... Абай ислам дінінің үгіт өсиетін , шартты түрде ғана шамалы, шақты жерге ғана керекке жаратты. Ал оның өзінің шынайы үлкен мүддесі , ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып түсіп, кең жатады” деген еді. Атап айтса айтқандай , Абайдың басты мұраты адамзатты бір бауыр қылу еді. Ол дінге де тек адамгершілік тәрбие ретінде қарап , мақсаты бойынша керегін алды. Кемеңгерге керегі сенушілік болатын.

Абайдың діншілдігінен кейін оның сөздерінің тәрбиелік мәні мен тарихи маңыздылығына тоқталайық. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері халықты адамгершілікке үндейді , ерекше мәні зор тәрбие береді. Жақыннан жыраққа қарай , оңайдан қиынға қарай , қызықты жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектеп жетелейді. Абайдың қара сөздерінің арасынан көңіліме қонымдысы қайрат , ақыл, жүрек үшеуінің өтімді диалогынан тұратын он жетінші қара сөзі. Ақынның бұл қара сөзі Әуелде бір суық мұз ақыл зерек атты өлеңімен тұспа тұс келеді. Кемеңгер ақын өлеңде айтқанын қара сөзде одан әрімен аша түседі, бұл Абайдың өз идеясына беріктігін және мәселені жүйелі түрде қарастыра отырып, оны оқырманның ой санасына жеткізуді мақсат етіп, мақсатынан ауытқымайтындығын көрсетеді. Қарасөзде қайрат, жүрек, ақыл үшеуі адамзат үшін атқаратын жұмыстарын ортаға салып, әрқайсысы өзін бірінші орынға қойып таласады да, ғылымға көмекке жүгінеді. Ғылым оларға төрелігін айтып, үшеуінде жақсылы- жаманды жақтарын айтып , дәл сипаттап , әділ сынайды. Оларға: “Егер үшеуің араз болсаңдар, мен жүректі жақтаймын”- дейді. Демек хакім Абайда жүректі жақтайды, адамның адамды сүюін , адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Десекте, ғылым бойынша да , Абайша да мінсіз нәрсе - осы үшеуінің бірлігі.

Осындай лекпен Абайдың өлеңдері туралы , олардың мән мағынасы мен тәрбиелік тынысы туралы айта кеткеніміз жөн. Негізі хакім Абайдың ғибратқа толы қарасөздері мен жақұт жырлары әлем әдебиетінде болмаған ерекше құбылыс. Ақынның өлеңдерінің әр ұйқасының өзі адамды тебірентпей қоймайды. Сол үшінде дана Абайдың өлеңдерінен тәрбиелік өсиет өнеге аламыз. Әсіресе, ақын жырларынан қоғамдық саяси , әлеуметтік саяси тақырыпқа негіз болған , адамды асыл қасиеттерге жетелейтін, ізгілікті ойларды көп кездестіреміз.

Абай- лирик, классик ақын. Ол мына дүниенің болмысын , құбылыстардың анық болғанын және бола беретіндігін , көркем табиғаттың өмір заңдылықтарын түсіне білген. Түсінігін өзінің терең, сазды ойларымен өлең жолдарына қосып, тыңдарманға ерекше естен кетпес әсер сыйлай білген. Адамды бірден эстетикалық, яғни, сұлулыққа сүйсіндіретін, өнерді түйсіндіретін, керемет көріністі сипаттайтын хакім Абайдың мен сүйетін өлеңдерінің бірі – “Желсіз түнде жарық ай”.

“Қалың ағаш жапырағы,

Сыбдырласып өзді өзі

Көрінбей жердің топырағы,

Құлпырған жасыл жер жүзі”- деген жолдар адамды табиғаттың сондай бір керемет ғажабына баулиды. Нағыз ғашықтықты , шынайы сезімді көрсететін “Ғашықтың тілі тілсіз, көзбен көрде ішпен біл”- деген жолдары адамды ыстық сезімге бөлейді. Адам бойындағы табиғатқа деген сезім мен құштарлық хакім Абайдың бір шумақ өлеңдерімен бойда дамыйды. Лирик ақын Абайдың өлеңдерін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен қорытындылайтын болсақ, бұл өлеңдер біз үшін, оқырман үшін бір тәрбие мектебі сынды. Өлеңді оқи отырып, әсем әсер алып және де әдемілік әлеміне шомыласың. Бұл өлеңдерден таным тәрбие , естен кетпес әсер алатынымызға сөз жоқ.

Біз Абайды мәдениеттің , әлемнің тарихи дара тұлғасы дейміз. Ол әрине дұрыс. Бұған дәлел ЮНЕСКО ның Бас директоры Федерико Майор: “Абай әлемдік тұлға...бар ұшан- теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол- нағыз ғұлама , әрі тәңірдің құдыретімен туған әулие десе де артық айтпаймыз. Оның поэзиясының өнебойынан адамдарға деген аяушылық пен сүйіспеншілік сезімі есп тұрады... Ал оның гуманистік ойлары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаламыз... Абай- әлемдік поэзияның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға”- деп бір сыр шертті.

Абай тұлғасында жалынды тәлімгерлік , телегей білім мен ақыл, мақсаткерлік, таза әрі ұшқыр ой және дәл интуиция тән. Абайдың ұшқыр ойы - терең мағыналы, әр біреуі әртүрлі тамырлы. М.Әуезов айтқандай- ақ “Абай кемесі кең әлемде сенімді, түзу жол сызып , маңып барады”. Бүгінгінің күнімен Абай тек қазақтың ғана емес, бүкіл жұртшылықтың ғұламасы болды. Себебі, өзін өзі басқара алатын, көзі ашық адамзат қоғамы Абайдың саяси идеалына айналды. Абайдың білім мен адами құндылыққа деген өшпес сенімі демакратияны ұстануға себеп болды. Сол үшінде әр кез әділеттілікті жақтап, даулы мәселелерді шешуде ол көптеген адами шиеленістерден жиіркенетінін білдірген болатын. Осылардың өзінен- ақ Абайдың өте күрделі тұлға екендігін аңғаруға болады.

Атап айтқанымыздай кемеңгер ақынның әр сөзінің, әр өлең шығармаларының тәрбиеде де тәлімде де алар орны биік. Ақын өз дәуірінен бастап- ақ кешегі мен бүгінгі қара қазақтың келер болашағын , олардың салт дәстүрін, оқу білімі мен рухани мәдениетін , жастарды адамшылдыққа тәрбиелеу жолын сол заманнан бастап- ақ тынбай ойлаумен өтті. Жастарға тал есіктен тәрбие берер, бойына даралықтың қаны мен даналықтың жанын дарытар шығармалары бұл уақытта ешқашан өшкен емес. Өшпейді де.

Осындай ұлтымыздың мақтанышы, қайталанбас ірі тұлғамыздың халқына мұра еткен асыл сөздері айтылар ойға сыймас, қыр сыры асып тасқан мол дүние. Абайдың ізгілікке , даналыққа жол бастаған сырсыз дүниелерінің жалғыз қазақ

жұртында емес, түпкіл дүние жүзін шарлап, сол жерде қалыптасып, одан әрімен таусылмас қазынадай дамуына елеулі үш мәдениттің ықпалы зор екендігін атап өткен , Абай көрген данышпан ақын - Мұхтар. Ол үш мәдениеттің біріншісі- қазақтың ерте заманнан жиылып келген ұлттық даналығы - халық ауыз әдебиеті, екіншісі – түрік, араб -парсы тілдеріндегі шығыстың рухани құнды қазынасы , ал үшіншісі - Еуропа мәдениеті мен орыстың ұлы мәдениеті. Жоғарыда айтылғандай ұлы перзенттің асыл сөздері, ой шығармалары мен өлең жырлары жалғыз қазақ халқы арасында ғана емес түпкіл дүниеге мәлім. Өзге ұлт өкілдері Абайды тап бір өздерінің перзенттері секілді сүйеді. Оның қайталанбас біртуар тұлға екендігімен қатар оның барлық дерлік қарасөздерін, шығармаларын бес саусақтарындай білмесе де , қадыр тұтып, ардақтайтындарына күмән жоқ. Жалпы Абайдың шығармалары өзге елде өз тілдерінде аударылған. Мәселен, ақынның шығармалары Тоқаевтың бастамасымен әлемнің 10 тіліне аударылды. Аударылған еңбектердің ішіне - 45 қарасөзі ,  145 өлеңі , 3 поэмасы кіреді. Шығарма- орыс, ағылшын, неміс, түрік, қытай, испан, француз , итальян және жапон тілдерінде аударылып, жарық көрді. Бұл аударыма бастамалары өте ауқымды аударма жұмыстарының бірі болды. Осындай бастамалардан кейін Абайды асыл да ардақты біртуар ұлы перзент екендігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз.

Қорытындылай келе, мен үшін жалпы қазақ халқы үшін еңбегі еш өшпейтін, мәңгі адамзаттың жүрегінде төрден орын алатын, жауһардай жарқыраған асыл сөздері мен таным тынысымызға, тәлім тәрбиемізге өз үлесін қосқан, біз үшін дана ақын, дара ақын, елі үшін ұлы перзент ұлы тұлға - Абай мәңгі есімізде қалады!

 

 

 

Асинат Муртазалиева

11 сынып

«Жүзағаш орта мектебі»

Шығыс Қазақстан Облысы Үржар ауданы.Шолпан ауылы

«Абай әлемдік мәдениеттің тұлғасы»

Жетекші:Тұрарбаева Қарлығаш

asinatmurtazalieva284@gmail.com