Әділетті Қазақстан - журналистиканың негізгі концепциясы

11.11.2022

Просмотров: 939

Журналистика – кез келген тақырыпта қалам тербеп, түйткілді мәселелерді қозғап, ең алдымен, ұлттың, одан соң елдің мақсат-мүддесін қорғайтын сала. Әділ қоғамды, әділ Қазақстанды құруға журналистердің де үлес қосуы шарт. Осыған орай 10 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, журналистика факультетінің 4-курс студенттерінің қатысуымен, «Әділетті Қазақстан тақырыбы журналистиканың негізгі концепциясы» атты тақырыпты негізге ала отырып, өзара пікірталас өткізілді. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған пікірталас журналистика факультеті, «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының аға оқытушысы Серік Жұмабекұлының ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан құру» стратегиясы жайындағы кіріспе сөзімен бастау алып, 4 курс студенттерінің өзара пікір алмасуымен, саяси тақырыпта, құқықтық негізде ой бөлісуімен өрбіп, студенттер бірнеше фактілерді алға тартты.

 

Дөңгелек үстелде «Сайлау кандидаттарының алдағы жоспары қандай?», «Әділетті Қазақстанды құру неден, кімнен басталады?» , «Өзге елдерде сайлау қалай өтеді?» , «Кезектен тыс сайлаудың өтуі қаншалықты ұтымды?», «Журналистердің кезектен тыс сайлауға пікірі қандай?» , «Конституциялық соттың жүйеге енгені дұрыс па?» деген секілді сұрақтар қозғалып, оқытушы Серік Жұмабекұлы мен студенттер арасында өте ауқымды дискуссия болды. Дискуссия барысында студенттер екі тарапқа бөлініп, әрбірі өзіндік журналистік көзқарастарын алға тартты. Мәселен, бір топ студент «Әділетті Қазақстанды құру билік өкілдерінен басталады» деген пікірді ұсынса, екінші топ «Әділетті Қазақстанды құру үшін ең төменнен, қарапайым халықтан бастау қажет. Халық үкіметке үлгі болуы керек. Халық өз талаптарын қоя білсе, бірігіп, күш жұмылдырса, әділетті қоғамның, әділетті мемлекеттің іргетасы қаланатыны сөзсіз» деген ойды құптады.

 

Журналистика факультеті, 4 курс студенттерінің журналист ретіндегі кәсіби тәжірибесі аз болса да әр тақырыпқа сыни көзқараспен қарап, мәселенің мәнін ашуға атсалысты. Сонымен қатар, журналистерге қатысты заңдарды, журналистердің құқығы мен міндеттерін дәйек етіп, түрлі дәлелдемелер арқылы Заңға өзгеріс қажет екендігін қоса кетті. Оқытушы Серік Жұмабекұлы әр студенттің пікірін тыңдап, әрбіріне тоқталып, өз тәжірибесі мен біліктілігінен сан алуан дәйектерді ұсынып, студенттермен бірге талқылады.

 

2 сағатқа созылған пікірталас көптеген мәселелерді қозғап, журналистік көзқарасты танытуға үлкен септігін тигізді. Жиын соңында оқытушы Серік Жұмабекұлы әрбір студенттің пікірін ескере отырып «Журналист – әділетті қоғамды құрушылардың бірі, әділетті Қазақстанның әділ тұлғасы. Журналистер өзінің де, өзгенің де құқықтық мүддесін білгені дұрыс. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық, Заң тұрғысынан сауатты болайық» деген түйін жасады. 2 сағаттық пікірталастан аларымыз зор, ал «Әділетті Қазақстанның» жарқын болашағынан үмітіміз мол.

 

Айдана ШАЛҚАРОВА

Журналистика факультетінің 4 курс студенті