Әділетті Қазақстан құру өзімізден басталады

11.11.2022

Просмотров: 796

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің 4-курс студенттерінің қатысуымен «Әділетті Қазақстан тақырыбы журналистиканың негізгі концепциясы» атты дөңгелек үстел форматында жиын өтіп, айшықты мәселелер қарастырылды. Бас қосу журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының аға оқытушысы Серік Жұмабекұлының алғысөзімен басталып, тәлім алушылардың нақты әрі еркін түрде пікір алмасуына жағдай жасалды.

 

Бейне түсірілімнен сескенбей ойларын ортаға салған студенттер мен оқытушы арасында, атап айтар болсақ: «Сайлаудың маңызы мен ұсынылған кандидаттардың мүмкіндіктері», «Ескі үрдістің жалғасуы», «Саяси науқанның кемшіліктері», «Әділетті Қазақстан – әділетті қоғам», «Оқу жүйесіндегі заңсыздық», «Телеарналардың бағыты мен мүддесі», «Ұлттық қадір-қасиет», «Әрбір тұлғаның адамгершілігі мен жауапкершілігі», «Журналистің құқығы мен міндеттері» сынды атаулармен ұсыныстар, пікірлер сарапқа салынды.

 

Сөз алған журналистика факультетінің 4-курс студенті Шыңғыс Апи өз сөзінде: «Қазіргі сайлауда мен көріп отырған 6 үміткердің ішінде тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді дамытуға арналған жоспары бар. Қалған үміткерден мен ондай талпыныс аңғармадым. Бұл бір жағынан өкінішті, себебі, саяси элитамыздың тапшы екені байқалады. Осыдан келе, әділетті Қазақстанды өзімізден бастауымыз керек деген ой қалыптасады» - десе, тәлімгер Асел Амандықова елімізді Оңтүстік Корея мемлекетімен салыстыра отырып қарапайым мысал келтірді. Оның сөзінше, жауапты мекемелер қоқысты дер кезінде тазаламаса, шығыс елінің тұрғындары жиналып шағым айтады, ал ондағы билік өкілдері мәселені дереу шешуге тырысады екен. «Ал біздің елде бұндай кішігірім жайттар қандай да бір митинг, адам шығынынсыз шешілмейді, олқылық осы» - дей келе, билік халықтың қалауын уақытылы орындаса, әділетті қоғам орнайтындығын алға тартты. 

 

Жиын соңында ұстазымыз Серік Жұмабекұлы: ««БАҚ туралы» заңның қайта қаралуы және журналист мәртебесінің көтерілу әділеттілікті күшейтеді. Ал еліміздің әділеттілігін көрген басқа ұлт өкілдері, біздің салт дәстүрімізді, мәдениетіміз бен тілімізді зерттеп, зерделеп сол әділеттілікке өздері-ақ ұмтылар еді», - деп ой қорытып, студенттерге ризашылығын білдірді. Дәл осындай таным-көкжиегімізді, ой-өрісімізді кеңейтер бас қосулардың әлі де өтетініне біздің де сеніміміз мол.

 

Рүстем АЙТКӘРІМ

Журналистика факультетінің 4 курс студенті