“Тележурналистика. Телеарна мен әлеуметтік желі”

03.11.2022

Просмотров: 768

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде журналистика факультетінің студенттеріне арналған “Тележурналистика. Телеарна мен әлеуметтік желі” атты шеберлік сағаты өтті. “Хабар 24” телеарнасының арнайы тілшісі Айнұр Хуат онлайн байланысқа шығып, болашақ журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдауға қажет танымдық ақпараттарды бөлісті. Шеберлік сағатында журналистің оперативтілігі, этика нормалары, аудитория сұранысын қанағаттандыру тәсілдері, тіл тазалығы, тікелей эфир қиындықтары сияқты бірқатар тақырып қозғалды.

Қазіргі журналистер үшін әлеуметтік желілердің қыр-сырын жетік білу айрықша маңызды. “Технологияның дамуы медиаортаны және медиа тұтынуды өзгеріске ұшыратқаны заңды. БАҚ алдымен осы өзгерістерді ескере отырып, онлайн желілер құру мен оларды дамытуға бет бұрды, цифрлық жобалар жасап, аудиторияны кеңейту үшін әлеуметтік желі платформаларын игеруге мәжбүр болды”, – дейді Айнұр Хуат.

Әлеуметтік медианың пайда болуы дәстүрлі журналистикаға бәсекелестік тудырып отыр. Ол БАҚ үшін ақпарат таратудың жаңа формасы ғана емес, сонымен бірге аудиториямен өзара әрекеттесудің күрделірек процестерін құрудың, қоғаммен үздіксіз диалог орнатудың құралына айналды.

Соған орай тілші өзі қызмет ететін “Хабар 24” арнасын мысалға ала отырып, YouTube, Instagram платформаларында қазақ тіліндегі сапалы контент жасау әдістеріне тоқталып өтті.

Спикер мен студенттер арасында еркін диалог орнап, журналистика факультетінің 4-курс студенті Рүстем Айткәрім “Әлеуметтік желідегі фейк ақпараттардың көп таралуы мәселесін қалай шешуге болады?” деген өзекті сауал қойды.

Оған Айнұр Хуат: “Алдымен құзырлы, ресми өкілеттіліктерге хабарласып, ақпарат дереккөзін зерттеу керек. Қашан да ақпаратқа дәлел табуды мақсат ету керек”, – деп жауап беріп, мұны кеңінен тарқатып айтты.

Шеберлік сағатының соңында тілші болашақ әріптестерін “Қазмедиа орталығында” орналасқан “Хабар 24” арнасынан тәжірибе өтіп, қазақ журналистикасының дамуына бірге ат салысуға шақырды.

 

Анель АЯНҚЫЗЫ

Журналистика факультетінің 4 курс студенті

жетекшісі ф.ғ.к., доцент Жақсылықбаева Римма