Қайыржан Бекхожин – Ұлт зиялысы

11.05.2022

Просмотров: 1136

IX «Бекхожин оқулары» байқауының

«Ең үздік публицистика» номинациясына ұсынылды

Қайыржан Бекхожин – Ұлт зиялысы

         Қоғам үшін тарих – аса маңызды ұғым. Неге? Неліктен адамзат өткен күнді қайта-қайта қазбалап, артқа қарап алаңдай береді? Өзгертуге келмейтін өткен күнді зерттеп, жүйелеп, оқыту, түсіну қажеттілігі қайдан туындайды? Тарихты «тамырға» теңеп, тамыры терең бәйтерек қана көктейді деген орынды пафосты көп қолданып жатамыз... Себебі, қайдан келе жатқанын білмейтін жолаушы қайда бара жатқанын да білмейді. «Өткені жоқ елдің болашағы болмайды» деген дәл сөз бар. Тарихы көмескіленген елдің құндылықтары да бірге құлдырап, тілі мен менталитеті, ілесе біртұтастығы мен ұлттық бояуы жоғалары хақ. Өйткені тарих жеке адамға ғана тән абстрактілі ұғым емес, ол қоғамға тән қажеттілік, жалпыға ортақ құндылық.

         Әр елдің жүріп өткен жолы дара. Сәйкесінше, әр тарихтың тұлғасы бар. Тарихи тұлғалардың ерекшелігі – олар көрермен емес, кейіпкер, оқырман емес, автор. Олар процесстің бөлшегі емес, процесстің қозғаушы күші, демек, қоғамның қозғаушы күші. Еліміздің азаттығы мен игілігі үшін тер төгіп, қазақ қоғамының қозғаушы күші болған бір топ азаматты «ұлт зиялылары» дейміз бүгінде. Тарихта «тәуелсіздік үшін күрес» сөзімен синонимдес бұл есімдерді әрбіріміз білеміз: ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан бастап, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, бес арыс, үш бәйтерегіміз, тағы талай тау тұлғаларымыз... Алайда, ойландыратыны, «ұлт зиялысы» деген тек алашордашылар ма? Әлде қуғын-сүргін құрбаны болып, репрессияға ұшырағандар ма? Әлде тәуелсіздік үшін күрескендер ме? Бұл орайда жаңа көзқарас пен терең түсінік керек.

         Зиялылық – саяси көзқарасқа қарап жікке бөлінетін қоғамдық немесе әлеуметтік топ емес. «Зиялы» сөзі этимологиялық тұрғыдан «білімді, оқыған» деген мағына береді. Орыстың осыған мағыналас «интеллигент» сөзінен келіп «интеллигенция» ұғымы шығады. Десек те, білімдінің бәрін зиялы деп мойындаймыз ба? Әлбетте, жоқ. «Пайдасыз білім», «зұлым білім» деген де бар. Әлихан Бөкейхан айтпақшы «білімнен емес, мінезден». Мінезсіз білім жайын Абай да қозғайды: қайратты, жүректі адам ғана ақылы арқылы игілік қылмақ керек.            

         Демек, зиялы дегеніміз білімі арқылы қоғамды ағартып, оң бетбұрыс әкелген тұлғалар. Ал «ұлт зиялысы» ұлттық мүдде мен халыққа ортақ идея үшін күресетіндер. Шоқтығы биік Шоқай «зиялылықтың басты өлшемі оның қызметінің ұлт өмірінің негізгі сұраныстарына сәйкес болуында, олармен үйлесімді жүруінде» - дейді «Ұлттық зиялы» атты мақаласында. Тағы бір ескеретіні, ұлт зиялысы деген «еңбек ері», «халық қаһарманы» сынды ресми атақ емес. Бұл тарихтың өзі тағатын айдар, қоғам мойындаған шындық.

         Өткен ғасырда ұлттың интеллектуалдық потенциалын қалыптастыруда зиялылар әлеуметтік күш ретінде өте үлкен рөл атқарады. Себебі ол кезде тәуелсіздік пен мәңгілік ел болуды мұрат еткен қазақ халқына керегі алдымен білім еді. Жаңа көзқарас пен батыл әрекет арқылы ілгерілеу процесіне әр зиялы әртүрлі идея арқылы үлес қосады. Бірі ғылым, бірі заң, бірі қазақ тілі, бірі тарих десе, енді бірі халықты ағарту сынды бағыттарда, баспасөз беттерінде өзіндік жаңа серпінмен тер төкті. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап, әліппені құрастырды. Әдістемелік құралдар жасап, аудармамен айналысты. Ұлт үшін қызмет етіп, ұлттың зиялысы болды. Мұндай мысал аз емес. Ал алдағы әңгімеміз тарихтың тасасында қалып қойып, ашылып жатқан архивтермен бірге бейнесі айқындала түскен, есімі «ұлт зиялысы» деген сөзбен қатар айтылмай келген зиялы Қайыржан Бекхожин жайында болмақ.

      Болмысы толық ашыла қоймаған Бекхожиннің шығармашылығы мен еңбектері тереңінен зерттеліп жүр. Қайыржан Бекхожин журналист, публицист, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, ұстаз болған азамат. «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі», «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», «Қазақ баспасөзі совет өкіметі орнау жылдарында» атты еңбектерімен қатар, Павлодар округтік “Кеңес туы”, аудандық “Колхоз”, Семей облыстық “Екпінді”, Қостанай облыстық “Большевиктік жол” газеттеріндегі журналистік қызмет атқарған кездегі публицистикасы бар. 1949 қайта өңделіп басылған «Первая казахская газета – Дала уалаяты» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы мен очеркері тағы бар. Ұстаздың ұлылығын шәкірттері аңыз етіп айтып та, қалам тербеп жазып та жүр. Мәселен, Тұрсын Жұртбай әр кез ұстазының ұлылығын тілге тиек етіп жүреді.

 



 

         Ал зерттеуші, доцент Ғалия Тілеубергенқызы автордың мақала, хабар, репортаж, корреспонденция, рецензия, фельетон жанрларында жазған публицистикалық туындыларын зерттеп, тілдік-стильдік, техникалық ньюанстарына талдау жасап, 203 беттен тұратын көлемді еңбек жазған. Журналист Бекхожиннің «Колхоз» газетінде отызыншы жылдардағы ауыл өмірінің проблемаларына арнап жазған мақалалары, соғыс жылдары «Большевиктік жол» басылымы арқылы ауқымды тарихи процесті беруі идеялық мазмұндық тұрғыдан сарапталады. Бүгінде кітап сөрелерінде тұрған туындыда «қазақ баспасөзінің бір ғасырлық шежіресін жасауға атсалысқан ғалым осы саланың теориясы мен практикасын жетілдіруге үлес қосып, жоғарғы деңгейге көтерді» деген тұжырым жасалады. Аталған «Қайыржан Бекхожин – журналист, публицист» еңбегінде сонымен қатар «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» және «Қазақ баспасөзінің тарихы» кітаптары да зерттеу нысанына алынған. Автор «Қазақта Қазан төңкерісіне дейін газет-журналдар болған жоқ» деген қате тарихи пікірді жоққа шығарып, іргелі еңбектері арқылы баспасөздің ғана емес, елдің тарихына шындықты арқалап әкелген ғалымдардың бірі де бірегейі Қайыржан Бекхожин болғандығын нақты фактілер арқылы жүйелі түрде дәлелдейді. Осы ойдың барлығын «қазақ баспасөзінің тарихын Қайыржан Бекхожиннің есімінсіз алып қарау мүмкін емес» - деп ой қорытады зерттеуші Ғалия Майкотова.

         Әлі тың жатқан «Первая казахская газета – «Дала уалаяты» еңбегіне келер болсақ, бұл үшін Қ. Бекхожин біраз қудалауға ұшыраған. Таптауырын заманның цензурасынан өтіп, қайта редакцияланған бұл диссертацияның 1949 жылы жарық көрген түпнұсқасын архивтен алып қарадық. Шаң баспаса да, мұқабасы «ескілік» деп менмұндалап тұр, сірә. Баспа мәшинесінен басылып шыққан еңбектің біршама жерінде корректорлық қателер қаламсаптың қара сиясымен түзеліпті. «Комиссия» деп қол қойған төрт азаматтың есімі бар бірінші беттен кейін «Дала уәлаяты» газеті бірінші санының бірінші беті орналасқан. Көшірмеден төте жазуды көреміз. Әлбетте, бұл Қайыржан Бекхожиннің басылымды төте жазудан оқып, зерттегенінің бір айғағы. Ал еңбек толығымен орыс тілінде жазылған. «Бұл баспасөз тарихын зерттеу – қазақ тарихы үшін маңызды», деп, астарлы да салмақты ой айтады Бекхожин сөз басында. Ол Омскідегі музейден басылымның 1889-1902 жылдардағы тігінді-жинақтарын тауып, 3-4 жыл көлемінде зерттеу жүргізеді. Газеттің бағытын айқындайтын оның мазмұны, мінезі мен идеясы дей отырып автор зерттеуіне қойып отырған критерийлерін көрсетеді. Газеттің мақсаты халықты ағарту екендігі, сол кездегі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық ахуалының, капиталистік қатынастар мен ауыл шаруашылығы мәселелерінің басылым бетінде көрініс беруі, баспасөздің қазақ әдебиетімен байланысы талданады. Елге есімі белгілі тұлғалардан алдымен Шохан Уәлиханұлы аталады. Одан соң «Дала уәлаяты» мен әдебиетінің байланысы турасындағы төртінші бөлімде автор Абай Құнанбайұлы мен Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығы мен оның қоғамды ағартудағы рөлін айқындап береді. Одан соң басылым бетіндегі тіл мәселесін талдап, «Дала уәлаяты газеті отаршылдық және таптық қысым көрген қазақ халқының қаруы болды» деп қорытынды жасайды. «Қазақ әдебиеті туындылары мен ауыз әдебиеті үлгілері қазақ тілінде жарық көрген әрі ана тілі мен қазақша жазу қолданған алғашқы басылым – Дала уәлаяты» дей келе автор басылымның ерекшелігі мен тіл мәселесінің жай-жапсарын көрсетеді.

       Қай заманда, қай қоғамда болмасын көпшілік бар, көпшіліктен дара, қара бас қамы, қалтасы үшін емес, ұлт мүддесін ойлап, тер төгетін зиялылар бар. Елдің ертеңіне кепіл болатын дүние тарих десек, талай тұманды дүниенің бетін ашып, қазақ баспасөзінің баяны арқылы қазақтың тарихына қайталанбас олжа салған Қайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин – ұлт зиялысы. Өзінің шығармашылық дарыны мен кәсіби шеберлігін ұштастыра отырып жазған публицистикасы арқылы қоғамды алға сүйреп, журналист деген қасиетті мамандықтың майталманы болған Бекхожин болмысы «Ел үшін туған ер» деген теңеуге саяды.


Мейірбек Баян,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Журналистика факультетінің 2 курс студенті