«Тәуелсіздік - тұғырым» тақырыбында өткізілген ашық кураторлық сағат

19.02.2021

Көрулер: 1335

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. 1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады.

Осындай азаттық күрестің басында халқымыздың ортасынан қайнап шыққан ірі-ірі тұлғалар болды. Солар көрсеткен үлгі, сепкен ұрық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа табиғи түрде ауыса келіп, 1986 жылғы желтоқсанда жаңғыруына әкелді. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың өлместігін жарқын түрде дәлелдеді.

            Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр.

Тәуелсіздік — халықтың тойы, елдің тойы. Қалың Қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой.

Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!