«Имандылық – ізгілік негізі» тақырыбында өткізілген кураторлық сағат

05.02.2021

Көрулер: 1479

АЖ-17-6 тобының студенттеріне «Имандылық – ізгілік негізі» тақырыбында кураторлық сағат өтті. Мақсаты: студенттерді адамгершілік қасиеттерге бағыттай отырып, рухани білімін байыту, логикалық ойын дамыту, сондай-ақ, имандылыққа, парасаттылыққа, біліктілікке, адалдыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке, ізгілікке, еңбекқорлыққа, достыққа, ерлікке, ізденімпаздыққа, іскерлікке, шеберлікке, ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі-бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған заңдылықтарының қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған.