Мен Жапонияның ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – Васэда университетінде білім алып келдім

10.01.2024

Көрулер: 193

Қайырлы күн! Менің есімім - Сайлау Хаким. Мен - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биылғы түлегімін. 2022 жылдың соңында мен шығыстану факультетінен шетелде оқу бағдарламасына іріктеуден өттім. Осылай мен Жапонияның ең атақты жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Токио қаласындағы Васэда университетінде бір жыл оқып келдім. Жапонияда оқып жатқан кезімде мен MEXT шәкіртақысын алу мүмкіндігіне ие болдым. Аталған шәкіртақы менің ай сайынғы оқу ақымды, медициналық сақтандыруға қажет соманы және ұшу билеттерінің құнын толық қамтыды. Бұл шәкіртақыны иелену үшін қатаң іріктеуден өту қажет болды, мен университетте оқуымның арқасында берілген бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне қол жеткіздім. Васэда университеті күншығыс елінің бірқатар еңбек сіңірген қоғам қайраткерлері білім алған баянды да ұзақ тарихқа ие, Жапонияның ең алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі болып табылады. Шетелде оқу барысында мен жапон тілі мен мәдениетінің қыр-сырын үйреніп, осыған қатысты біраз тың дүниелерді игеріп меңгердім. Бұл менің мамандығыма қатысты кәсіби білімім мен дағдыларымды шыңдауға және біліктілігімді арттыруға өз септігін тигізді десем болады. Сабақтан бос уақытымда Жапонияны аралап, жергілікті мәдени мұраларды зерделеп, жапон тарихының ескерткіштерін өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар, мен Жапонияның орта мектептеріне барып, қазақ мәдениеті туралы баяндамалар жасау мүмкіндігіне ие болдым, бұл оқушыларға өте ұнады деп ойлаймын. Егер сіз жапон тілін меңгеріп жатқан студент болсаңыз, мен сізге шетелде оқу бағдарламасы бойынша жапон университетіне түсуге және кәсіби біліміңізді арттыруға кеңес берер едім. Қорыта келгенде, мен шетелге оқуға қабылдану және білім алу барысында маған көп қолдау көрсеткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің басшылығына және сапалы білім беріп, әрдайым көмектесіп келген өзімнің құрметті де ұлағатты ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін!

Сайлау Хаким

Қиыр Шығыс кафедрасының түлегі

Қиыр Шығыс кафедрасы

Жапонтану бөлімінің меңгерушісі

Тазабекова Г.Б.