«МЕН ЖӘНЕ КОРЕЯ» викторинасы

28.11.2023

Көрулер: 228

2023 жылдың 21 қарашасында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасында, Корея Республикасының Білім беру орталығының қолдауымен Алматы қаласында кафедра профессоры Ли Бен Джо мен студенттердің ұйымдастыруымен «Мен және Корея» викторинасы өтті. 1 және 2 курс студенттері жеребе тарту арқылы 3 топқа бөлініп, өзара сайысқа түсті. Жалпы байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде студенттер корей тарихы бойынша шағын лекция тыңдап, сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде корей сөздеріне қатысты сұрақтар қойылды. Студенттер корей тілінің алғашқы 2-3 алфавитін қарап, келетін сөздерді табатын сөз ойыны болды. Үшінші кезең оқушылардың корей әндері бойынша білімдерін анықтауға бағытталды. Студенттер әлем жастары арасында танымал K-pop әртістеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Студенттердің барлығы викторина барысында үлкен қызығушылық пен белсенділік танытты. Шара соңында байқауға қатысқан барлық студенттер мен оның ұйымдастырылуына атсалысқан студенттер сыйлықтармен марапатталды.