ЕСІҢДЕ БАР МА ЖАС КҮНІҢ

14.02.2020

Көрулер: 1941

2020 жылдың 14 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №14 Студенттер үйінде шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Шин сэдэ» үйірмесінің аясында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Есіңде бар ма жас күнің» тақырыбында шағын мәдени-танымдық әдеби кеш өткізілді.

 Кешке қатысқан шығыстану факультетінің студенттері әңгімені ұлы бабамыздың «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңінің төңірегінде өрбітіп, осы өлеңге қатысты өз пікірлерін білдірді. Абай атамыз айтқандай қазіргі жастардың да «көкірегінің толық, басының бос, қайғысыз, ойсыз, масайрап, кімді көрсе бәрін дос» санап, «сондай бір қызық шақты» бастарынан өткеріп жүргендерін, ақынның жастардың көңіл-күйін дөп басып айтқандығын таңданыспен ортаға салды.

Кешті ұйымдастырған Қиыр Шығыс кафедрасының «Шин сэдэ» үйірмесінің жетекшісі У.А.Амирбекова Абай Құнанбайұлының жастарға қалдырған мұрасының маңыздылығы, Абай тағылымының өзектілігі туралы, бір ғана өлеңнің астарында қаншама мән-мағына жатқандығы, жастар білімге құштар болса, студент кезінде терең білім алса, «махаббат, қызық мол жылдарды» мүмкіндігінше мағыналы өткізсе дұрыс болатындығы туралы өз ойын білдірді. Кеш студент жастардың қызу пікірталасымен аяқталды.