"Айналаңды нұрландыр!" әлеуметтік-инновациялық жоба аясындаұйымдастырылған “МИФ және ТАРИХ”атты ғылыми семинар

04.12.2014

Көрулер: 2779

2014 ж. 4 желтоқсанында шығыстану факультетінде корейтану және жапонтану кафедрасының ұйымдастыруымен «Айналаңды нұрландыр!» әлеуметтік-инновациялық жоба аясында студенттер мен магистранттарға арналған “МИФ және ТАРИХ” тақырыбындағы ғылыми-танымдық семинар өткізілді. Семинарды кафедраның аға оқытушылары У.А.Амирбекова мен Б.Ж.Ташкенбаева шығыстану мамандығы 4 курс студенттерімен бірлесе отырып дайындады. Семинарға белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жақсылықов Аслан Жәмелұлы шақырылды.

      Бағдарламаға сәйкес, шығыстану мамандығының 4 курс студенттері Қарауылова Данагүл мен Данабаева Айнұр өз презентацияларын семинарға қатысушыларға ұсынды. Олардың дайындаған презентациялары өте мазмұнды болды. Қарауылова Данагүл жалпы мифтерге шолу жасап, соның ішінде, грек-рим мифологиясына толығырақ тоқталып, мифтердің түрлері туралы тарқатып айтып берсе, Данабаева Айнұр корей мифологиясына терең бойлап, қызықты әңгімелеп берді.

      Семинар қонағы Аслан Жәмелұлының мифтер туралы әңгімесі, оның тарихпен байланысы туралы пікірі де студенттердің қызығушылығын оята түсті. Ғалым өзінің энциклопедиялық білімімен қатысушыларды таң қалдырды. Дәрісті қазақ және орыс тілдерінде жүргізген ол, ғылыми тілде мифтердің пайда болу және даму тарихы туралы әңгімелеп берді. Әңгіме барысында Аслан Жәмелұлы дүниежүзі халықтарының мифологиясы туралы, соның ішінде қазақ мифологиясы туралы да тың мәліметтер келтірді. Тибет, үнді, африка халықтарының мифтері де қамтылды. Генетика саласындағы зерттеулердің, археологиялық қазбалар кезінде табылған жәдігерлердің өткен тарихымыз туралы қаншалықты құнды ақпараттар көзі болып табылатындығы жайында да әңгімеледі. Семинарға қатысушылардың бірде-бір сұрағы жауапсыз қалған жоқ. Аслан Жәмелұлы тибет мифологиясының тың тақырып екендігіне баса назар аударып, келешекте ғылыммен айналысамын деушілерді осы тақырыпты зерттеу тақырыбы ретінде таңдауға шақырды. Семинарға қатысушылар үлкен әсер алып, рухани байып, танымдық сабақ алды деп санаймыз.