Қашықтықтан оқыту ұтымды ұйымдастырылуда

 

Әлем жұртшылығын әбігерге салған пандемия біздің елімізді де айналып өтпеді. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде карантин жариялаған уақыттан бастап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті толықтай қашықтықтан оқытуға кірісті. Университетімізде бұл әдіс көп жылдардан бері қолданылып келгендіктен, жаппай ақпараттық жүйеге көшу аса қиындық тудырған жоқ.
Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 20 мыңнан астам студент қашықтықтан білім алып жатыр. Университеттің заманауи және дамыған IT-инфрақұрылымы барлық студенттерді қашықтықтан оқытуға қамтуға мүмкіндік береді. Бұл үшін «Универ», «Moodle» ақпаратттық-білім беру платформаларын пайдаланамыз. Оқу үдерісі «Zoom», «Microsoft teams», «Google meet» және т.б. сияқты әртүрлі платформалардың көмегімен жүзеге асырылуда. Универ жүйесіндегі арнайы қашықтан оқыту деген бөлімінде тапсырма беру, алу, тексеру, бағалау жұмыстары жүргізіледі.
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушылары аталған платформаларда оқу кестесіне сәйкес сабақтарын өткізумен қатар, оқу үрдісіне қатысты әр түрлі семинар-тренингтерге, вебинарларға, ашық сабақтарға қатысады. Сонымен қатар, студенттердің Республикалық пәндік олимпиадасын, Фараби әлемі халықаралық ғылыми конференциясын да қашықтықтан, онлайн форматта, жоғары деңгейде өткіздік. Куратор-эдвайзерлер топ студенттерімен тәрбиелік бағытта куратор сағаттарын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізеді. Топтардағы әр студентпен кері байланыс орнатылған. Кез келген уақытта студенттердің қойылған сұрақтарына жауап беріп, туындаған мәселелерін шешуге тырысамыз.
Қашықтықтан білім беру жүйесі арқылы студенттерге Қазақстанның түкпір - түкпірінен білім алуға мүмкіндік беріліп отыр. Осылайша, карантин кезінде үйлеріне кеткен студенттеріміз, оқу үрдісін үзбей білім алуларын жалғастыруда. Ал интернет желісіне немесе басқа да себептерге байланысты, сабаққа онлайн қосыла алмаған жағдайда, олар кейіннен, өздеріне ыңғайлы кез-келген уақытта дәрістерге қол жеткізе алады.

Басылым күні :  18.04.2020