ТӘРБИЕ САҒАТЫ: «ТӘУЕЛСІЗДІК - МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ»

 

2021 жылғы 26 қараша, сағат 15.00. № 18 Студенттер үйінде "ТӘУЕЛСІЗДІК - МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ" атты тәрбие шарасы өткізіледі.

 

Іс-шараны з.ғ. к., мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценттері Н. К. МЫҢБАТЫРОВА және А. Ж. Жарболова өткізеді.

 

Іс-шараның мақсаты: студент жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін құрметтеу.

 

Ұйымдастырушы: заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы.

 

 


 

 

 

 


 

 

Мынбатырова Н.К. – з.ғ.к., мемлекет және құқық

теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімшілік құқық кафедрасының доценті

Жарболова А.Ж. – з.ғ.к., мемлекет және құқық

теориясы мен тарихы, конституциялық

және әкімшілік құқық кафедрасының доценті

 

 

 

16 желтоқсан - Қазақстан тарихында атаулы күн. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі тарихи құжатты – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды қабылдады. Тәуелсіздікке қол жеткізген бұл күн Қазақстанның шынайы егемен, демократиялық мемлекет ретінде дамуының негізін қалаған айтулы оқиға болды.

Қазір бұл күн еліміздің басты мемлекеттік мерекесі - Қазақстан Республикасының тәуелсіздік күні ретінде атап өтіледі.

Биыл Қазақстан Республикасының бүкіл әлемге өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, тиісінше әлем елдері алдында тәуелсіз мемлекет ретінде танылып, өмір сүріп келе жатқанына 30 жыл толады. Тәуелсіздіктің 30 жылы Қазақстан үшін прогресс пен орнықты даму дәуіріне айналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұдан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз».

Қазақстанның әрбір отансүйгіш азаматы тәуелсіздіктің қадірін біліп, мемлекет, қоғам үшін одан асқан құндылық жоқ екенін санасымен сезініп қана қоймай оны қастерлеп, дамытуға ат салысуы тиіс. Мұндай азаматтық борышты әрбір студент сезініп, білуі тиіс. Алайда, көпшілік жас буын тәуелсіздіктің астарын, Қазақстанның тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін біле бермейді. Мемлекеттік тәуелсіздіктің мәнін терең ұғынып, мемлекет үшін тәуелсіздіктің қаншалықты қымбат әрі құнды екенін жас буынның санасымен де, жүрегімен де сезінуі үшін біздер, заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессорлық-оқутышылық құрамы студенттерді отансүйгіштік рухында тәрбиелеп, олардың ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздікке мемлекетіміздің қол жеткізу тарихын білуі және мемлекеттік тәуелсіздіктің құқықтық реттелу жағдайымен танысуы үшін студенттермен кеңінен жұмыс жүргізуді жүзеге асырудамыз.

2021 жылы 26 қарашада кафедра оқытушылары Н.Қ.Мынбатырова мен А.Ж.Жарболованың және «Мемлекет және құқық тарихы» студенттік клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен №18 Студенттер үйінде Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында оқытушылар студенттерге «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңның қабылдану тарихы мен оның маңызын түсіндіріп, тиісті заңның мазмұнын ашып көрсетті. Студенттер тарапынан да мемлекет, қоғам үшін тәуелсіздіктің маңызы жөнінде көзқарастар білдірілді. Тәуелсіздік рухын бойына сіңірген жас буын қолдарын жүрек тұсына қойып бірауыздан Қазақстан Республикасының ән-ұранын шырқады. Студенттердің орындауындағы әсерлі әуен, әдемі күй кештің сәнін келтіре түсті.

Осындай мазмұндағы іс-шараларды өткізу арқылы студенттердің бойындағы рухани тұлғалық, адамгершілік құндылықтарды дамытып, олардың құқықтық санасын көтеруге, отансүйгіштік қасиетін қалыптастыруға ат салыстық деп үміттенеміз. Еңбегіміз нәтижесін беріп, жас буын білімді де білікті отансүйгіш азамат ретінде қалыптасуын тілейміз.

 

 


 

 

 

 

 

 

Басылым күні :  26.11.2021